25.12.2008, 09:59 2156

Қазақстанның саяси партиялары сайлау туралы заңға енгізілетін өзгерістерге қатысты біріккен мәлімдеме жасады

Қазақстанның саяси партиялары сайлау туралы заңға енгізілетін өзгерістерге қатысты біріккен мәлімдеме жасады

Алматы. 25 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның саяси партиялары кеше сайлау туралы заңға енгізілетін өзгерістерге қатысты біріккен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Атап айтсақ, кеше баспасөз мәслихатын өткізген "Азат" ҚДП, ҚКП, ЖСДП, "Ақжол" ҚДП, "Иділет" ҚДП, ҚХКП, "Ауыл" ҚСДП өкілдері мәлімдеме жасады. Мәлімдеме мәтіні төменде келтірілген:

"ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудің қарсаңында Қазақстан үкіметі сайлау, саяси партиялар мен БАҚ туралы заңнамаға кейбір елеусіз түзетулер енгізіп, оны тұтастай алғанда сайлау барысы мен саяси жүйені демократияландыру бойынша жасалған салмақты қадамдар ретінде дабырайтып жар салуда.

Ал мұның есесіне елімізде әділ сайлаулар өткізуге кедергі келтіріп отырған сайлау заңнамасының негізгі нормалары ешбір өзгеріссіз қалуда. Парламентке ұсынылған түзетулер де, демократиялық күштердің заңнаманы ҚР мойындаған ЕҚЫҰ нормаларына сәйкестендіру жөніндегі ұсыныстары да енгізілмей қалды.

Сайлау комиссияларын жасақтау тәртібі бұрынғы күйінде қалды, сайлау блоктарын құруға тыйым салудың күші жойылған жоқ, "шектеу қоятын 7% кедергіні" шегеру қарастырылар емес, үгіт жүргізу кезінде барша тарапқа да тең жағдайлар туғызуға қол жеткізіген жоқ, сайлау нәтижелерін бұрмалау, оның ішінде электрондық дауыс беру арқылы бұрмалау тетіктері әлі де сақталуда.

Соңғы жылдардағы сайлау нәтижелері көрсеткендей, мұндай заңнамамен сайлау науқандарын толыққанды өткізу, дауыстарды әділ санау мүмкін емес. Біздер тағы да үгіт материалдарын тәркілеу, белсенділерімізді ұрып-соғу мен тұтқындау, сайлау учаскелеріндегі "әткеншек" деп аталатын құйтырқы әдіс-тәсілдерді қайталану, сайлаушылар тізімдерін қолдан жасау мен бақылаушылардың қызметтерін шектеу секілді жөнсіздіктерге куәгер болатынымыз сөзсіз. Ешкім де сайлаушылардың дауысын есептеудің хаттамасын ала алмайды және соттарда дауларды шынайы түрде қарауға қол жеткізе алмайды.

Мұның бәрі әлеуметтік және саяси жағдайларды ушықтырып, билік институттары мен саяси жүйенің беделін түсіреді, әсіресе күннен-күнге тереңдеп бара жатқан экономикалық дағдарыстың жағдайында, мемлекеттіліктің негіздерін күйретеді. Елімізде өмірлік мүддесі бір-бірімен сәйкес келмейтін, тіпті қайшы келетін әртүрлі нақты топтар бар, қоғамымыз құбыжықтық түрде байлар мен кедейлер болып жіктелді, ал шенеуніктер түйені түгімен жұтатын сыбайлас жемқорлық пен әділетсіздіктің өзі мен көзіне айналды. Бұл жағдайда бір (немесе екі) партия көпшіліктің әрқилы мүдделерін таныта алмайды. Көптеген елдерде ондаған партиялар қатар өмір сүреді, ал жалпы танылған немесе барынша қолдау табатындары екеу-төртеу ғана, бұл ондаған жылдар бойына азаматтардың қолдауын иелену бойынша жүргізілген сұрыпталудың нәтижесі болып саналады. Іске бұлайша қарауда, ешқандай пайыздық шектеулердің болмауы да заңдылық.

Сөз жоқ, Парламент тек қана заң шығару органы емес, сонымен бірге саяси құрылыстың негіздерін жасайтын арена да болып табылатыны даусыз. Парламенттің өз рөлін орындауы үшін онда бәрі болмаса да, азаматтардың басым бөлігінің саяси әрқилы пікірін танытатын өкілдері қатысуы қажеттігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.

Осыларды негізге ала отырып, біздер: біріншіден, заң жүзінде Мәжілісте көп партиялықты (екі партиядан көп) бекіту, екіншіден, саяси партиялар аяқтарынан қаз-қаз тұрып жатқан біздің жағдайымызда өту баллын үш пайыздан асырмау;

үшіншіден, әділ сайлауды қамтамасыз ету үшін учаскеліктен бастап ОСК-ға дейінгі сайлау комиссияларын, барлық саяси партиялардың өкілдерінен жасақтау;

төртіншіден, сайлау блоктарын жасақтау мүмкіндігін қалпына келтіру қажет деп есептейміз.

Егер парламент бұл жолы да саяси партиялардың еске салынған заңдарды салмақты түрде қарау туралы талаптарын назардан тыс қалдырған жағдайда, біздер алда тұрған "таңдауы жоқ сайлауға" қатысудан бас тартуға мәжбүр болатынымызды және оған бойкот жариялайтынымызды мәлімдейміз".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны