23.12.2008, 15:14 44048

Қазақстанның төртінші сынып оқушылары TIMSS жобасы аясында математика мен жаратылыстану пәндерінен жоғары нәтиже көрсетті

Қазақстанның төртінші сынып оқушылары TIMSS жобасы аясында математика мен жаратылыстану пәндерінен жоғары нәтиже көрсетті

Астана. 23 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін"- Қазақстанның төртінші сынып оқушылары TIMSS жобасы аясында математика мен жаратылыстану пәндерінен жоғары нәтиже көрсетті. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев пен ҚР БҒМ Білім сапасын бағалаудың ұлттық орталығының директоры Базар Дамитов баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Баспасөз мәслихатындағы басты тақырып - IEA (International Association for the Evaluation of Educational Achievements) тәуелсіз халықаралық ұйымы өткізген қазақстандық мектеп оқушыларының білім деңгейін зерттеудің нәтижесі болды.

Спикерлердің хабарлауынша, таяуда ғана "Математика мен жаратылыстану пәндерін зерттеудегі халықаралық тенденция" жобасы шеңберінде (The Trends in International Mathematics and Science Study - TIMSS) өткізілген әлем елдері мектеп оқушыларының математика және жаратылыстану (физика, химия, биология және басқа да пәндер) пәндері бойынша рейтингі жарияланды. Рейтинг көрсеткіші бойынша еліміздің мектеп оқушылары алдыңғы қатардан көрініп, еліміз мәртебесін асқақтатты. Олар математика және жаратылыстану пәндері бойынша емтиханнан 5 және 11 орындарға ие болып, көптеген елдердегі өз қатарластарынан басым түсті.

Қазақстандық мектеп оқушыларының бұл нәтижесі шетелдіктерді бей-жай қалдырмай, дәстүрлі академиялық зерттеу әлем елдерінде алуан пікір тудырды. Зерттеу қорытындысын беделді әлемдік басылымдар жарыса басса, оларға интернетте пікір жазып қалдырушылар саны тіптен көп. Қазақстанның үздік бестік қатарынан көрінуі әлемдік педагогикалық қоғамдастық үшін күтпеген жайт болса керек. Сарапшылар қазақстандық мектеп оқушылары осындай жоғары көрсеткіштерге дәстүрлі оқу жоспары және математика мен жаратылыстану пәндеріне деген қажеттілікті жете түсінуі арқылы қол жеткізді деп санайды.

2007 жыл 27 сәуірде жалпы республикада бір уақытта TIMSS-2007 зерттеуі жүргізілді.

Зерттеуге кездейсоқ таңдау әдісімен анықталған барлық аймақтың 150 мектебінен 4271 төртінші сынып оқушылары қатысты. Жалпы саннан алғанда, қазақ тілінде оқитын - 2599, орыс тілінде - 1672 оқушы.

Бастауыш мектептің 186 мұғалімінен, 150 мектеп директорынан, 4271 оқушыдан сауалнама алынды.

2008 жылы 10 желтоқсанда IEA жариялаған Халықаралық баяндамаға 3990 оқушының нәтижесі кірді.

Өздеріңізге белгілі, TIMSS халықаралық зерттеуін тәуелсіз халықаралық ұйым - IEA (International Association for the Evaluation of Educational Achievements) білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бірлестігі өткізеді.

Бұл зерттеудің негізгі мақсаты 4 және 8 сынып оқушыларының математика мен жаратылыстану пәндері бойынша дайындық сапасын бағалау болып табылады. Ир төрт жыл сайын оқушылардың оқу жетістіктері, пәнге қызығушылықтары, мотивациясы бағаланады. Халықаралық тестілеумен бірге оқушылар, мұғалімдер және мектеп әкімшілігі арасында сауалнама жүргізіледі.

2007 жылы TIMSS зерттеуіне әлемнің 37 елінен және "бенчмаркингтік қатысушылар" деп аталатын 8 шет аймағынан 425 мыңға жуық оқушы қатысты.

Зерттеудің негізгі нәтижелері мынадай: математика пәні бойынша 4 сынып оқушыларының салыстырмалы зерттеуіне қатысқан 59 мемлекет пен 7 "бенчмаркингтік қатысушылар" арасында Гонконг, Сингапур, Қытай Тайбэйі және Жапония ең жоғары нәтиже көрсетті. Зерттеуге қатысқан Қазақстан оқушыларының нәтижелері (549 балл), бұл жалпы рейтинг бойынша 5 орынға сәйкес және халықаралық орташа баллдан (500) едәуір жоғары.

Жаратылыстанудан Сингапур, Гонконг және Қытай Тайбэйі оқушылары ең жоғары көрсеткіштерімен алдыңғы орында. Қазақстан жалпы рейтингте 11 орынды иеленді. Біздің оқушылардың нәтижелері - 533 балл.

Қазақстан оқушыларының 19% математикадан ілгері деңгейді көрсетті, бұл Сингапур, Гонконг, Қытай Тайбэйі және Жапония нәтижелерінен төмен болғанымен, халықаралық орташа көрсеткіштен (5%) жоғары. 52% оқушыларымыз дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті, бұл халықаралық орташа көрсеткіштен (26%) айтарлықтай жоғары (3-ші кесте).

Жаратылыстанудан Қазақстан оқушыларының 10% ілгері деңгей көрсетті. Бұл Сингапур, Қытай Тайбэйі және Ресей Федерациясының нәтижелерінен төмен және орташа халықаралық көрсеткіштен анағұрлым (7%) жоғары. Дайындықтың жоғары деңгейін оқушылардың 44% көрсетті, бұл орташа халықаралық көрсеткіштен (34%) жоғары, бірақ Сингапур, Қытай Тайбэйі, Гонконг және Жапония нәтижелерінен төмен (4-ші кесте).

Жалпы біздің оқушылырамыздың математика мен жаратылыстану бойынша нәтижелері Халықаралық Ассоциация (IEA) бағалауы бойынша өте жоғары деп танылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны