02.03.2010, 17:13 3039

"Қазатомөнеркәсіп" акционерлік қоғамының бұрынғы президентінің үстінен жаңа қылмыстық істер қозғалды

"Қазатомөнеркәсіп" акционерлік қоғамының бұрынғы президентінің үстінен жаңа қылмыстық істер қозғалды

Астана. 2 наурыз. Kazakhstan Today - "Қазатомөнеркәсіп" акционерлік қоғамының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің үстінен жаңа қылмыстық істер қозғалды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмилә Жәкішева мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Жаңадан екі қылмыстық іс қозғаған, ал жуырда ғана, ақпанның аяғында тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Онда ұрлық, мемлекеттің қаражатын талан-таражға салу және "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК бұрынғы қазынашылық қызметкері Ғалым Назаровқа заңсыз жалақы беру жөнінде айтылған", - деді Ж. Жәкішева.

Өз кезегінде Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің хабарлауынша, "Қазатомөнеркәсіп" акционерлік қоғамының бұрынғы президентінің үстінен қозғалған үшінші қылмыстық іс "заңсыз алынған мүлікті заңдастырып алуға" байланысты.

Адвокаттың мәліметінше, "жаңадан қозғалған бұл істердің барлығына да "құпия" белгісі қойылған, олар жеке өндіріске бөлінген және Алматыда тексеріледі".

"Жаңа қылмыстық істердің қозғалғандығы жайлы қаулымен танысу үшін мені тергеу абақтысына шақырды. Бірақ, бір өкінерлігі, мен бұл процессуалдық құжатпен танысқан жоқпын, өйткені, мемлекеттік құпияға қол жеткізу жөніндегі келісімім жоқ және осы қылмыстық іс бойынша қорғаушылық жасауға өкілеттілігім жоқ", - деді адвокат.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" акционерлік қоғамының бұрынғы президентіне қатысты іс сотқа жолданды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков 2009 жылдың 10 желтоқсанында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

"Ағымдағы жылдың 9 желтоқсанында, яғни, кеше, Жәкішев пен Қыстаубаевқа қатысты қылмыстық іс Астана қалалық прокуратурасымен негізінен қарау үшін сотқа жолданды",- деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Оның айтуынша, "Тергеу "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" акционерлік қоғамының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке аталған компанияның мүлкін мемлекетке ірі көлемде материалдық залал келтіре отырып, ұйымдасқан топпен, бірнеше рет ысырап ету арқылы ұрлады деген айып тағып отыр (Қылмыстық Кодекстің 176- бабының 3-бөлігінің "а,б,г" тармақшалары)".

"Атап айтқанда, 2003 жылы бұған тиісті қызметтік негіздердің жоқтығына қарамастан Жәкішев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен өзара іс-қимыл жасауды сылтау етіп, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" акционерлік қоғамының Венадағы өкілдігін ашқан",- деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

"Осылайша, Венадағы өкілдіктің ғимарат жалдау, жалақы төлеу, мүлік сатып алу сияқты түрлі шығындарына қаражат бөлу арқылы 2003 жылдың шілдесінен 2007 жылдың қыркүйегіне дейін "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының 99 763 961 теңгесі ұрланған",- деді ресми өкіл.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны