01.07.2009, 17:09 4247

"Қазатомпром" Ұлттық компаниясының төрт вице-президенті мемлекет қазынасын есепсіз жымқыру ісі бойынша куәгерлер ретінде бағдарламамен қорғалуда - телеарна

"Қазатомпром" Ұлттық компаниясының төрт вице-президенті мемлекет қазынасын есепсіз жымқыру ісі бойынша куәгерлер ретінде бағдарламамен қорғалуда - телеарна

Алматы. 1 шілде. "Қазақстан Бүгін" -"Қазатомпром" Ұлттық компаниясының төрт вице-президенті мемлекет қазынасын есепсіз жымқыру ісі бойынша куәгерлер ретінде бағдарламамен қорғалуда, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі "Хабар" телеарнасының сюжетіне сілтеме жасап.

Телесюжетте айтылғандай, "мемлекет қазынасын есепсіз жымқырған "Қазатомпром" Ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің ісіне байланысты тергеу жұмыстары жалғасуда. Қазір аталған компанияның төрт вице-президенті Астанада өз еріктерімен Қазақстан Республикасы президентінің "куәгерлерді қорғау" бағдарламасы бойынша Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерімен бірігіп көмек көрсетіп жатыр. Алайда соңғы уақыттары елдегі кейбір БАҚ тарапынан Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің оларға жөнсіз қысым көрсетіп, аяусыз зорлық жүргізіп отыр деген ақпараттар тарап жүр. Бүгін біздің арнамызға сол төрт вице-президент өз еріктерімен арнайы сұхбат беріп, жұрттың дүрлігуіне еш негіз жоқ екендігін ашық мәлімдеді".

"Хабар" агенттігінің хабарлауынша, "Асқар Қасабеков, Ешмұрат Пирматов, Малхаз Цоцория және Дмитрий Парфенов. Бір сөзбен айтқанда, "Қазатомпром" Ұлттық атом компаниясының бұл төрт бірдей вице-президенттері ешқандай қамауда және ешбір қысымға ұшырап отырған жоқ. "Жәкішев ісіне" байланысты Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне қолдан келген көмектерін көрсетіп жатыр. Жүз рет естігеннен гөрі, бір рет көзбен көрдік. Қазір төртеуі бірге тұрып жатқан Астанадағы мына пәтер, тіпті, үш жұлдызды қонақ үйден еш кем емес",- делінген сюжетте.

"Телевизор бар, кондиционер бар, бөлек санузел, жылы су. Жаңағы өсектердегідей, қинап жатыр, бүйтіп жатыр деген өтірік, міне өздеріңіз көрсеңіздер болады. Ийелім, туысқандарымыз келіп тұрады. Мысалы, төрт рет болды, менің әйелім осында келгеніне 1 айдың ішінде. Екі рет қарындасым келіп кетті",- деді телеарнаға берген сұхбатында "Қазатомпром" ҰАК вице-президенті Асқар Қасабеков.

Ал "Қазатомпром" ҰАК вице-президенті Ешмұрат Пирматовтың хабарлағанындай, "үш рет тамақ береді, екі рет дәрігер келіп сұрайды. Мысалы, давлением болғандықтан соны өлшетем, өздерінің дәрілерін береді. Егер үстіміздегі киімдеріміз кір болатын болса, жігіттер келіп алып кетеді де жуып, тазалап әкеп береді".

"Демек, қызметкерлердің өздерін үйіндегідей сезінуіне қажет дүниенің бәрі осында. "Егер басқа да заттай қажеттіліктер болса, ақшамызды беріп саттырып аламыз дегенді айтады. Ал отбасы, туған-туыстары мұны біледі. Біле тұра уайымдаудың да жөні жоқ. Тек үшеуі Алматыдан, біреуі Степногорскіден болғандықтан, туған-туысқандармен күнбе-күн көрісе берудің қиындығы болмаса, басқа уәждері жоқ",- дейді "Хабар" тілшісі.

"Хабар" телеарнасыне берген сұхбатында "Қазатомпром" ҰАК вице-президенті Дмитрий Парфенов былай дейді: "соншалықты өтінішім жоқ. Бастысы мені көрген туыстарым жақсы күйде екеніме көз жеткізсе екен деймін. Уайымдамаса екен деймін. Бәрі ойдағыдай. Оның үстіне міне 3 күн бұрын ғана анаммен кездескенмін. Олар бәрін біліп отыр".

"Жоқ, ондай ештеңе жоқ. Менің туысқандарым әйелімнің, қарындасымның сөзінен біледі жақсы екенін бәрін. Ол жағынан ондай өтініш, ештеңем жоқ",- дейді , "Қазатомпром" ҰАК вице-президенті Асқар Қасабеков.

Бұдан кейін журналист былай дейді: "бірақ, бір гәп бар. Егер вице-президенттердің Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне қол ұшын беруге өз еріктерімен келгендері рас болса, БАҚ өкілдерінің аузынан оларды "қинап-мінеудің құрсауында ұстап отыр" деген ақпараттың тарауына не түрткі болды? Алғаш баспасөз мәслихаты барысында Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері ұсынған бейнематериалда олардың көздері қушиып, түрлері әбіржіген күйлеріне журналистер тарапынан күдікті көзқарастың болғаны шындық. Шынымен солай ма?"

Телесюжетте көрсетілгендей, "Қазатомпром" ҰАК вице-президенті Дмитрий Парфеновтың сөзіне жүгінсек: "менің түсінігімше, бізді мөлшері екінші күні түсірді. Ия, ол кезде бәріміздің көңіл-күйіміз оншалықты бола қоймаған шығар. Ал екінші жағынан айтсақ, біреуді ұрып-соғу, есірткі берді деген әңгіме әдейі жасалған жалған сөз. Ешкім жанымызға жақындап көрген жоқ қой? Екіншіден, ол түсірілімге де байланысты болуы мүмкін. Қандай да бір әукесқой камераның кесірінен солай көрінуі ғажап емес".

Ал "Қазатомпром" ҰАК вице-президенті Асқар Қасабеков былай дейді:"Бірінші күннен бастап өз еркіммен айттым, көмегімді көрсетейін деп. Сондай келісімге келгенбіз. Сондықтан, бұлар да куәгерлерді қолдайтын бағдарламаға қосып отыр мені. Үміттенем, ертең соның бәрін қолымнан келгенше көмектесем деп".

"Өз басым үшін ешқандай да моральдық немесе физикалық қысым болған емес. Бәрі процессуалды заңдылық шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Мен мұны бір жағынан "Қылмыстық кодексті" екі қайтара оқып шыққан адам есебінде де айтып отырмын",- дейді "Қазатомпром" ҰАК вице-президенті Малхаз Цоцория.

"Қазатомпром" ҰАК вице-президенті Ешмұрат Пирматовтың айтуынша, "біреу келіп, сен былай айт немесе былай айт деп мәжбүрлеу болмаған. Ондай сөздер жоқ. Біз өз білгенімізді айтып тұрмыз. Міне, сол көмегімізді арнап, тезірек шешіп берсек, есепке алынатын шығар деп ойлаймын. Ийтпесе, өздерің бір ауыз сөз айтпадыңдар деген сөздер болуы мүмкін ғой. Сол үшін айтып отырмыз. Бір жерден алған жайымыз жоқ".

"Бастысы, төртеуінің де өз адвокаттары бар. Қажет уақытысында шақыртып алады. Бірақ өздері қауіпсіз жағдайда өмір сүріп жатқан соң, негізгі мақсат көмек көрсетіп, тезірек істің ашылуына пайдамыз болса дегенді айтты. Бұл арада мемлекет мүлкін аса ірі көлемде жымқырғаны үшін айыпталған "Қазатомпром" Ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев пен өзге тұлғалардың пайдасына айналып үлгерген елдегі барлық уран кеніштеріндегі мемлекеттік қордың 60 пайызы қайта қайтарылғанын естеріңізге саламыз. Сондықтан "Қазатомпром" вице-президенттері бұл іске салғырт қарамай, ел үшін маңызды стратегиялық қорлардың әлі де мемлекетке қайтып оралуы жолында адалдық танытқысы келеді",- делінген телесұхбатта.

"Елге қызмет қылам деп келген адаммын өзім. Жаңағы білімімді соған арнадым. Жақында академик болғам. Мынау разборка болып, іс басталып кеткеннен кейін қарасам өзіміздің отанды, дәулетті ұрлап жатқан адам сияқты болып қалдым. Сондықтан шыдай алмадым бұған. Өзім көмек беруге шықтым. Ақылдасып, бірігіп дегендей. Өзім білгенімді айтам. Сондай көмекті беріп жатырмыз",- дейді "Қазатомпром" ҰАК вице-президенті Ешмұрат Пирматов.

Телесюжетте көрсетілгендей, "Қазатомпром" ҰАК вице-президенті Асқар Қасабековтың сөзіне сүйенсек, "жаңағы айтқан өз еркіммен тергеушілерге көмектесіп жатырмын деген себебім, кен орындары, басқа да активтер өз елімізге, мемлекетке қайтып келсін деп, халыққа қызмет болсын деп істеп жатқан себебім".

"Куәгерлердің мұнда әлі қанша тұрақтайтыны белгісіз. Оған өздері де алаңдап отырған жоқ. Ал қолды болған байлықтың отанның игілігіне жарауы үшін бірлесіп қызмет етуді Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері де игі мұраты санайды",- деп түйіндейді "Хабар" тілшісі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны