28.09.2006, 15:18 2921

"Қазына" қорын құру арқылы үкімет даму институттарындағы қаржы ағындарын бақылаудың айқын тетігіне ие болды - "Қазына" қорының жетекшісі

АСТАНА. 28-қыркүйек. Kazakhstan Today. ""Қазына" қорын құру арқылы үкімет даму институттарындағы қаржы ағындарын бақылаудың айқын тетігіне ие болды". Бұл туралы "Қазына" қоры басқармаларының төрағасы Қайрат Келімбетов бүгін парламент сенатының қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің отырысы барысында пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Мемлекеттік компаниялар мен даму институттарының іс-қызметін бақылайтын "Қазына" және "Самұрық" холдингтерін құру қажеттігі не себепті туындады деп ойлайсыздар? Олар құрылғанға дейін ұлттық компаниялар мен мемлекеттің қатысуымен құрылған компанияларды директорлар кеңесі бақылады. Оған үкімет өкілдері мүше болды. Мәселен, мен экономика және бюджетті жоспарлау министрлігін басқарған кезде менің бір орынбасарым осындай алты компанияның директорлары кеңесінің мүшесі болды. Мұндай жағдайда олардың іс-қызметін жан-жақты кәсіби қадағалау мүмкін емес екені түсінікті жайт",- деді Қ.Келімбетов сенатор Евгений Аманның сауалына берген жауабында. Сенатор бірқатар мемлекеттік компаниялар мен даму институттарының басшылығының жалақы мен бонустар көлемін негізсіз көтеру дерегіне үкімет неге тосқауыл қоймады деген сұрақ қойған болатын.

Қ.Келімбетовтың айтуынша, 2005-жыл мен 2006-жылдың басына дөп келетін осындай деректердің бетін дәл осы "Қазына" АҚ ашып отыр. Мәселен, біз "Қазақстан даму банкі" АҚ секілді кейбір даму институттарындағы осындай жайтты анықтадық, деді ол. "Біздің басты міндетіміз - аталған мекемелердің іс-қызметін үкімет пен парламент үшін мейлінше ашық сипатқа көшіру",- деді қор басшысы. Оның айтуынша, кеше 27-қыркүйекте мемлекеттік мүлік комитеті негізгі даму институттарының акциялары қоржынын "Қазына" акционерлік қоғамына ресми түрде өткеріп берді. "Қазір Қазына осынау мекемелердің жалғыз акционері болып табылады",- деді Қ.Келімбетов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны