09.12.2009, 17:58 6183

Қазіргі қазақ киносында ұятсыздықты ту еткен фильмдер жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптап барады - депутаттық сауал

Қазіргі қазақ киносында ұятсыздықты ту еткен фильмдер жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптап барады - депутаттық сауал

Астана. 9 желтоқсан. Kazakhstan Today - Бүгін Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен жалпы отырыста мәжіліс депутаты Нұрлан Өнербай басшы болып, палатаның әлеуметтік мәдени даму комитетінің мүшелері Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке арнап депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Кеше әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында комитеттің атына отандық фильмдерге қатысты "Азамат" жастар клубынан келіп түскен хат талқыға салынды.

"Қарашаның 23-де Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясына барған мемлекет басшысы, партиямыздың лидері Нұрсұлтан Ибішұлы Назарбаев: "Қазақ киносы отансүйгіштікті дәріптеп, елімшіл, жершіл ұрпақты тәрбиелеуге атсалысуы керек. Яғни ұлттық кинодан ұлттық идея, ұлт мұраты сезіліп тұруы тиіс", - деп бүгінгі алаш баласының көкейінде көптен жүрген ойды дөп басты",- деп жазады біздің құрметті "Қазақ әдебиеті" газетінің биылғы №50 санында. Ал "Түркістан" апталық газеті өзінің биылғы №47 санында дақпырты жер жарған "Көшпенділер" фильмінен түк шықпағандығын айтқан Елбасының пікірін білдіре келіп, қазақ киносының тағдырына алаңдаушылық білдірген. Исіресе, кейінгі уақытта баспасөз бетіндегі қазақ киносының көркемдік сапасы, рухани деңгейіне деген наразылық бұқара тарапынан күш алып келеді. Халқымыздың ұлттық намысын қорлаған, тарихымызды бұрмалап азғындықты, ұятсыздықты ту еткен фильмдер жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптап барады.

Басы "Бораттан" басталған бұл масқара үрдіс толастар емес. Қазаққа заты түгіл аты жат арсыздықтарды насихаттайтын фильмдердің жарнамасы теледидардан ашық насихатталып, ұрпақ санасын улауда. "Оскар" сыйлығына ұсынылып жатқан "Келін" фильмінде көзіне түскен еркекпен қатынасқа түсе беретін зинақор әйелдің әрекетін бейнелеген. Малмен жыныстық қатынасқа түсу секілді ел намысын, қорлаған ұятсыз көріністерге толы фильмнің мадақшыларын басқа тілдегі басылымдар жарыса жариялап жатыр. "Тюльпан" фильмінде қоғам шындығы деген желеумен дәрет сындырған сорақы көріністерімен елді мазақ етсе, "Қараой" фильмінде туғалы жатқан екіқабат әйелді зорлаған көрініс, "Ике қорлығы" дейтін фильмде туған қызын зорлаған әке сюжеттерге өзек болған.

Сонда кино арқылы ұлт мұраты, елдік идеяны насихаттау деген Елбасы тапсырмасы осындай сорақылықтармен іске аспақ па?! Бүгін Ресей фильмдерінде кадеттерді ұлықтау, милиция қызметкерлерінің мерейін өсіру секілді елдік мәселелері қолға алынып жатса, біздің сабаздар "Кайрат девственник" дейтін фильм шығарып "Я мальчика хочу" деп басын ұстаған педофильдікті, сыңқылдаған қызтеке - көгілдірі, нәпсісі қозған арсыздықты жалаулатып жанымызды түршіктіруде.

Құрметті министр мырза! Енді бұндай бассыздыққа тоқтау бола ма? Ұлтжанды жастар тобы шығып шырылдап жатыр. Үлкендеріміз үндемегенімен риза емес",- дейді сауалда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны