02.10.2006, 12:27 3242

Келісім комиссиясы "Arcelor Mittal" компаниясының президентіне кеншілердің жалақысын көтеру жөніндегі талаппен хат жолдады

ШАХТИНСК. 2-қазан. Kazakhstan Today. Келісім комиссиясы "Arcelor Mittal" компаниясының президенті Лакшми Митталға кеншілердің жалақысын көтеру жөніндегі талаппен хат жолдады. Бұл туралы "Миттал Стил Теміртау" АҚ көмір департаментінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Вячеслав Сидоров хабарлады.

"5-дәрежелі жұмысшының орташа жалақысы 120-130 мың теңге көлемінде белгіленуге тиіс",- делінген комиссияның хатында. В.Сидоровтың айтуынша, жалақы өнім өндіру жоспарына, өнім сату нарығына қатыссыз міндетті түрде кепілдендірілуге тиіс. "Кеншілер - компания қожайындары емес, жалдамалы жұмысшылар. Ал жоспар көп жағдайда оларға қатыссыз себептермен орындалмай жатады. Жұмысшы технологиялық тізбектің соңғы сатысында тұрады, сол себепті көмір өндіру көлемі қазба бөліміндегі техниканың деңгейіне байланысты".

Келісім комиссиясының мүшелері "Arcelor Mittal" компаниясы президентінің жауабын 7-қазанға дейін күтеді. Өйткені, сенбіде кеншілердің жалақысын көтеру мәселесі шешіледі деп межеленген 10 күн аяқталады. Егер оң жауап болмаған жағдайда кеншілер келісім комиссиясы іске кіріскен кездегі уағдаға сәйкес наразылық митингісіне шықпақшы.

Ал қазір ереуіл одан әрі жалғасуда: Қарағанды облысындағы көмір бассайнінің барлық 8 шахтасының кеншілері бұрынғыдай жұмысқа шығудан бас тартуда. Бүгін Шахтинск қалалық әкімшілігінің жанында 1000-дай кенші тағы жиналды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны