11.04.2007, 13:37 3496

Кентауда жер асты суларының деңгейі көтеріле түсуде

ШЫМКЕНТ. 11-сәуір. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында жер асты суларының деңгейі көтеріле түсуде. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне "Кентауликвидрудник" РМК техникалық директоры Борис Третьяков хабарлады.

"Бір тәулікте су деңгейі 30 сантиметрге көтеріліп, теңіз деңгейінен жоғары 443,6 метрге жетті",- деді ол. (Ең төменгі қауіпсіз деңгей - 432 метр).

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Кентауда осымен екінші апта нөсер тыйылмай отыр. Соның салдарынан қаланың солтүстік бөлігіндегі 200-дей тұрғын үйлер бар баспаналар массиві, трансформатор және экскаваторлар зауыты мен қойма базасы су ішінде қалған.

"Ұзаққа созылған жаңбырға байланысты жер асты суларының деңгейі қатты көтеріліп, су бұрындары бұрғыланған барлау мақсатындағы ұңғылардан шыға бастады. Ал ондай ұңғылар қалада көп",- дейді Б.Третьяков. "Сонымен бірге бұлақтар арқылы да ауқымды су келіп жатыр. Тек қана екі бұлақтан сағатына төрт мыңдай текше метр су келуде",- деді ол.

Оның хабарлауынша, қазір су сорғызып алынуда. "Жоба бойынша біз сағатына 1500 текше мерт суды сорғызып алуға тиіспіз. Ал қазір сағатына 4500 текше мерт су алып отырмыз",- деді ол.

Осы орайда еске сала кетсек, кен орындары су астында қалғаннан кейін Кентауда артық жер асты суларын тастау үшін таяу жердегі су қоймасына дейін штольня қазуға шешім қабылданған болатын. Алайда, 2004-жылы қолға алынған штольня құрылысы күні бүгінге дейін біткен жоқ. "Біз тағы да 74 метр жерді қазуға тиіспіз",- деді Б.Третьяков.

Бүгін мобилизациялық дайындық және төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттің басшылығы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен басқа да ресми тұлғалар Кентауға келді. Қалада тасқынға қарсы күрес комиссиясы құрылды. Оны "Кентауликвидрудник" РМК директоры Марат Түкенов басқарады. Қазірде ол тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету мәселелерін шешу үшін Астанаға аттанып кеткен.

Облыстық әкімшіліктен Kazakhstan Today тілшісіне хабарлағанындай, тасқын зардаптарын жою үшін резерв қордан 2 млн теңге бөлінді. Тасқынға қарсы күрес комиссиясы құрылып жұмыс істеуде. Материалдық шығын көлемін осы комиссия анықтайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны