01.06.2015, 14:34 3900

Киіктердіӊ қырылуы бойынша зерттеу қорытындысы маусымныӊ аяғында жария етіледі

Қазақстандағы киіктердіӊ жаппай қырылу себептерін зерттеумен айналысып жүрген комиссияныӊ қорытындысы 3 аптада дайын болады

Астана. 01 Маусым. Kazakhstan Today - Қазақстандағы киіктердіӊ жаппай қырылу себептерін зерттеумен айналысып жүрген комиссияныӊ қорытындысы 3 аптада дайын болады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетініӊ төрағасы Бағдат Азбаев айтты, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.

"Біз үшін бұл үлкен қасірет. Киіктердіӊ өлекселері табыла бастаған кезде-ақ министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оған ғылыми қызметкерлер, шетелдік сарапшылар, отандық мамандар кірген. Меніӊ ойымша, бұл жұмыс тобы оқиғаныӊ нақты себебін анықтауы тиіс", - деді Б.Азбаев.

Оныӊ айтуынша, бүгінгі күнде киіктердіӊ қырылуына не себеп болды деген көптеген болжамдар бар. Олардыӊ негізгілері - экологияныӊ бұзылуы және пастереллёз. Кейбір топ киіктердіӊ жаппай қырылуын сол маӊайдан малшылар тауып алған жұмбақ ғарыштық нысанмен байланыстырады.

"Дегенмен жұмыс тобы нақты бір шешімге келуі тиіс. Яғни барлық нұсқаларды жан-жақты зертеп, анық-қанығына көз жеткізуіміз қажет. Қорытынды шешім 3 аптаныӊ көлемінде шығарылады". - деді ол.

Жаӊа деректер бойынша, бүгінгі таӊда қырылған киіктердіӊ саны 127 мыӊнан асты. Министр А. Мамытбековтіӊ айтуынша, бұл сан жануарлардыӊ өлекселерін тікұшақтармен және басқа да техникалармен іздеудіӊ нәтижесінде көбейіп отыр.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны