23.09.2009, 16:51 13770

Киото хаттамасы бойынша түсетін барлық инвестициялар Қазақстанда көміртекті аз бөлетін, "экологиялық таза" экономика құруға бағытталады - Қоршаған ортаны қорғау министрі

Киото хаттамасы бойынша түсетін барлық инвестициялар Қазақстанда көміртекті аз бөлетін, "экологиялық таза" экономика құруға бағытталады - Қоршаған ортаны қорғау министрі

Алматы. 23 қыркүйек. Kazakhstan Today - Киото хаттамасы бойынша түсетін барлық инвестициялар Қазақстанда көміртекті аз бөлетін, "экологиялық таза" экономика құруға бағытталады. Бұл туралы Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Ишімов Нью-Йоркте, БҰҰ штаб-пәтерінде климаттың өзгеруі бойынша жоғары деңгейдегі кеңестен кейін жірналистерге берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Нью-Йоркте, БҰҰ штаб-пәтерінде климаттың өзгеруі бойынша жоғары деңгейдегі кеңес өтіп, онда Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Ишімов сөз сөйлеп, ресми мәлімдеме жасады.

Н.Ишімов журналистермен болған брифингте форумның қорытындысы, климаттың өзгеруі проблемасының негізгі сипаттары мен Киото келісімінің күші тоқтағаннан кейінгі ілеспе зиянды газдардың шығарылуын қысқарту туралы келісімге қатысты республика ұстанымдары туралы әңгімелеп берді.

"Климаттың өзгеру проблемасының маңыздылығы мен күрделілігі сол, бұл мәселе адамдардың өмір сапасына ғана емес, жалпы адамзаттың тіршілігіне қауіп төндіріп отыр. Барак Обама өз сөзінде атап көрсеткендей, егер климаттың өзгеруі осы қарқынмен жалғаса берсе, 10 жылдан кейін орны толмас өкінішке ұшыраймыз. Кейбір елдер Жердің бетінен жоғалып кетуі мүмкін. Қазақстан үшін жаһандық жылымықтың әсері мұздық аудандарының қысқаруымен, Арал теңізінің апатымен мазмұндалмақ, Балқаш көлі бойынша да проблемалар туындауы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, ілеспе зиянды газдардың шығарылуын қысқартуды мақсат еткен Киото хаттамасының рөлі өте зор. Қазақстан Киото хаттамасына 2001 жылы қосылды. Сол жылдың наурыз айында республика парламенті хаттаманы ратификациялады, президент қыркүйектің 17-сінде күшіне енген заңға қол қойды. Осынау халықаралық құжат аясында мойнына алған ерікті міндеттемелердің барлығын Қазақстан орындады. Ресей вице-премьері Игорь Шувалов бүгінгі баяндамасында, "үлкенсегіздік елдерінің кейбіреулері" алған міндеттемелерді орындамай отырғанын атап көрсетті. Ал біздің елдің басшылығы, құжатқа қол қойдық па, оның міндеттемелерін 100 пайыз орындау керек деген көзқарасты ұстанады. Бүгінгі саммитте Киото хаттамасының күші тоқтайтын 2012 жылдан кейін эмиссияларды қысқарту мәселесі жөніндегі жаңа келісім туралы сөз болды. Қазақстан бұл үдеріске атсалысады және мойнына міндеттемелер алады. Бұл туралы біз БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негізгі конвенциясы бойынша Бангкокте өтетін кеңесте және Копенгагенде өтетін конференцияда жария ететін боламыз. Қазір ҚР премьер-министрінің тапсырмасы бойынша арнайы комиссия жұмыс істеуде, оның құрамына біздің министрліктің, Энергетика және минералды ресурстар, Индустрия және сауда, Экономика және бюджетті жоспарлау министрліктерінің өкілдері кіріп отыр. Біз мойнымызға алатын міндеттемелердің аясын анықтауымыз керек. Бұл оңай міндет емес, себебі тым қатаң талаптар өнеркәсіпті дамытуға, Каспий қайраңын игеруге және жалпы ұлттық экономикаға тежеу салуы мүмкін. Аумақтары біздің Сарыағаш ауданымен шамалас кішігірім мемлекеттер мойындарына алатын міндеттемелерді біз ала алмаймыз. Біз - аумағы жағынан әлемдегі тоғызыншы мемлекетпіз, бізде Каспий бар, көмір өндірілетін Солтүстік Қазақстан өңірі бар дегендей. Қазақстан экологиялық проблемаларды шешуге сеп болатын, лайықты міндеттемелерді мойнына алады. Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша, Киото хаттамасы және пост-Киото құжаты бойынша түсетін барлық инвестициялар Қазақстанда көміртекті аз бөлетін, "экологиялық таза" экономика құруға бағытталады.

Франция президенті Николя Саркози саммитте біртұтас Дүниежүзілік экологиялық ұйым құруды ұсынды, Қазақстан осынау идеяны қолдайды. Ирбір ел жаһандық жылымықпен байланысты өз проблемаларын бастан кешіруде. Мемлекеттердің өз ұлттық стратегиялары бар, ал жаңа ұйым сол ұлттық бағдарламаларды ескере отырып, халықаралық стратегия әзірлеумен айналысуы керек. Техникалық және қаржылай көмек көрсетудің ашық ережелері талдап жасалуы тиіс".

Сондай-ақ, министр "Қазақстан ілеспе зиянды газдардың эмиссияларына квота сата бастады ма?" деген сауалға : "квоталарды сатудың белгіленген ережесі бар. Биылғы жылы біз барлық ілеспе зиянды газдардың шығарылымын тіркеудеміз. Біздің министрлікте әрбір кәсіпорын бойынша 2008 жылғы жағдай бойынша шығарылған зиянды газ көлемінің мәліметтері бар. Кәсіпорындар сол мәліметтерге сәйкес квота алатын болады. Заң бұзушы кәсіпорын Экологиялық кодекс бойынша қомақты айып төлейді. Экологиялық реттеу және бақылау комитеті қоршаған ортаны ластап отырған кәсіпорынның жұмысын тоқтатуға құқылы. Біздің есептеуіміз бойынша, жылына 1 миллиард долларға дейін қаржы тарту үшін, біз халықаралық ұйымдармен үлкен жұмыс жүргізуіміз керек",- деді.

"Копенгагенде жаңа құжат бойынша келісімге қол жеткізудің перспективасын қалай бағалаймыз?" деген сауалға министр былай деп жауап берді: "Менің ойымша, егер іске "ауыр артиллерия" (жетекші өнеркәсіптік дамыған және дамушы елдер) қосылса, оң нәтиже күтуге болады. Бүгінгі саммитте АҚШ ұстанымының өзгергені айтылды. Біз Жапония премьерінің, Қытай төрағасының, Франция президентінің ұсыныстарын тыңдадық және Копенгагендегі кездесуден оң нәтижелер күтеміз".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны