16.04.2009, 13:53 2756

Қырғызстан мен Қазақстанда электр қуатының апаттық жағдайда үзілуіне қолайсыз күн райы себеп болды - Қырғызстанның Өнеркәсіп және энергетика министрлігі

Қырғызстан мен Қазақстанда электр қуатының апаттық жағдайда үзілуіне қолайсыз күн райы себеп болды - Қырғызстанның Өнеркәсіп және энергетика министрлігі

Бішкек. 16 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Алдын-ала мәліметке сәйкес, Қырғызстан мен Қазақстанда электр қуатының апаттық жағдайда үзілуіне қолайсыз күн райы себеп болды. Бұл туралы бүгін Қырғызстанның Өнеркәсіп, энергетика және отын ресурстары министрі Ильяс Давыдов баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

И. Давыдовтың айтуынша, "Қырғызстанның солтүстігінде, Қазақстанның оңтүстігінде және Өзбекстанда электр қуатының үзілуіне ылғалды тұман мен қырау себеп болған".

Дегенмен, министрдің айтуынша, әзірге жарықтың нақты үзілу себебі анықталған жоқ. "Қазір арнаулы комиссия құрылып жұмыс істеуде, ол бүгінгі күннің ішінде себебін анықтап, тексеру нәтижелерін жария етеді. Комиссия құрамына Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанның энергетикалық мекемелерінің өкілдері кірді", -деді министр.

"Электр қуатының апаттық үзілуі сағат 20.54-те Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйесін біріктіретін 500 кВ-тық желіде болған. Соның салдарынан Қырғызстанның солтүстігі Чалдыбар ауылынан Нарын қаласына дейін,Қазақстан мен Өзбекстанның бірнеше қаласы жарықсыз қалды", - деді И. Давыдов.

"Оқыс оқиғадан келген шығындар көлемі есептелуге тиіс",- деді ол.

Өз кезегінде "KEGOC"АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Орталық Азияның Біртұтас энергетикалық жүйесінде жүйелік апат шығуы салдарынан" Қырғызстанның солтүстігінде (900 МВт дейін), Алматы облысында (700 МВт астам) және Жамбыл облысында (106 МВт) электр қуатының ауқымды тапшылығы туындады.

"Жарықтың үзілуіне Тоқтағұл СЭС-ында апат шығып, станцияға түсетін жүктеменің 540 МВт-тан 0-ге дейін азайтылуы, соған байланысты Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінің бөлінуі себеп болған. Соның салдарынан Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағы мен Орталық Азияның Біртұтас энергетикалық жүйесінде жиілік 50-ден 48,6 Гц-ке дейін азайтылып, оқшау жұмыс істеуге көшті", - делінген KEGOC хабарламасында.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Орталық Азияның Біртұтас энергетикалық жүйесімен параллель жұмыс істеу режимі 15 сәуірде сағат 23.00-де қалпына келтірілді.

"Қазір апаттың себептері мен зардаптарын анықтау үшін Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстанның энергетикалық жүйесі мен КДЦ "Энергия" өкілдерінің қатысуымен жүйеаралық комиссия жасақталуда", - деп хабарлайды "KEGOC" АҚ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны