16.04.2007, 10:40 1492

Қырғызстан оппозициясы талаптарын өзгертіп, президенттің тез арада отставкаға кетуін талап етуде

БІШКЕК. 16-сәуір. Kazakhstan Today. Қырғызстан оппозициясы талаптарын өзгертіп, президент Құрманбек Бакиевтің тез арада отставкаға кетуін талап етуде. Бұл туралы республиканың экс-премьері, "Қырғызстанның лайықты болашағы үшін" біріккен фронтының жетекшісі Феликс Кулов баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біріккен фронт пен "Реформалар үшін!" қозғалысы өз талаптарын өзгертіп, президент Құрманбек Бакиевтің тез арада отставкаға кетуін, парламентпен бірлесе отырып ұлттық келісім үкіметін қалыптастыруды, оның конституциялық реформалар жүргізу мен жаңа президент сайлауын әділетті өткізуді қамтамасыз етуін талап етуде",- деп мәлімдеді Ф.Кулов.

Оның айтуынша, талапты қатайтуға билік дайындаған арандатушылықтар себеп болған. Бұрынғы үкімет басшысының айтуынша, белгісіз біреулер біріккен фронттың бір мүшесінің автокөлігін өртеп, оппозициядағылардың отбасы мүшелеріне телефон арқылы қоқан-лоққы жасауда. Біріккен фронт жетекшісінің пайымдауынша, 14-сәуір күнгі бейбіт шеру кезінде болған төбелес те биліктің іс-әрекеттерінің салдары. Ф.Куловтың айтуынша, осынау арандатушылыққа қатысу үшін республиканың оңтүстік өңірлерінен арнайы жұмыссыздар тобы жеткізілген.

Оппозиция жетекшісінің айтуынша, қазір мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мен басқа да күш құрылымдары біріккен фронт пен "Реформалар үшін!" қозғалысының мүшелерін тұтқындау үшін жаңа шараларға дайындалуда. Ф.Куловтың жорамалына сәйкес, республиканың оңтүстік өңірлерінен оппозиция жетекшілерінің көзін жою үшін "түрлі криминалдық тұлғалар" келіп жатыр.

"Осыған байланысты келесі аптада бүкіл ел көлемінде наразылық шаралары басталады. Осында біздің жақтастарымыздың жаңа топтары келіп жетеді",- деп мәлімдеді оппозиция жетекшісі өткен демалыс күндері. "Меніңше, біз келесі аптада Бакиевті отставкаға кетуге мәжбүр етеміз",- деді ол.

Ф.Кулов республикадағы ахуалдың ушығу мүмкіндігі бар екенін жоққа шығармайды және ондай жағдайда оппозиция Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының көмегіне жүгінетінін мәлімдейді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны