23.05.2007, 19:15 2908

Қырғызстан үкіметі республикалық жолдарды жабуға қатысушыларға күшпен тойтарыс бермек

БІШКЕК. 23 - мамыр. Kazakhstan Today. Қырғызстан үкімет наразылық белгісі ретінде республика жолдарын жапқан азаматтарға күшпен тойтарыс беруді жоспарлап отыр, деп мәлімдеді Қырғызстан Республикасының министрлер кабинетінің баспасөз қызметінен.

Баспасөз қызметі, соңғы кездері Қырғызстанның Талас облысында жергілікті тұрғындар Джеруй алтын кенішіне апаратын көлік жолдарын жабу деректерінің байқалып отырғандығын, және "тау-кен компанияларына қатысты қорқытып-үркіту шаралары жүргізіліп жатқанын"атап көрсетті. Соның салдарынан "Талас - Бішкек көлік жолын салу жұмыстары тоқтап қалған, онда жұмысшы соққыға жығылып, "самосвалды"айдап әкеткен, сондай-ақ техникалар мен құрал-жабдықтардың сақталуына қауіп төнген, жұмыс тоқтаған әрбір күннің шығыны 30 мың АҚШ долларын құрайды".

Республика министрлерінің кабинеті бұл әрекеттерді "елдің экономикалық дамуына зардап әкелетін заңға қайшы және жауапкершіліксіздік" ретінде қарап отыр, олардан кінәсіз адамдар жапа шегуде.

"Осыған байланысты Қырғызстан Республикасының үкімет құқық қорғау органдарына жолдарды жабу және қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі болған жағдайда заңға қайшы әрекеттерге қатысушыларға қатаң күшпен тойтарыс беруді тапсырды",- деп атап көрсетті премьер-министрдің баспасөз қызметінен. "Аталмыш шараларды ұйымдастырушылар шығын келтіргендері және қоғамдық тәртіпті бұзғандықтары үшін заңды тұрғыда жауапқа тартылады",- деп көрсетілген баспасөзге арналған мәлімдемеде.

Қырғыз Республикасының премьер-министрі Алмазбек Атамбаев оқиға болып жатқан жердегі ахуалмен көзбе-көз танысу үшін 2007 жылдың 25 - 26 мамырында Талас облысына жұмыс сапарымен бармақ.

Бұрын хабарлағанымыздай, Қырғызстанның Ыстықкөл облысында да жолдар жиі жабылуда. Онда жергілікті тұрғындар Құмтөр алтын кенішіне бастайтын тасжолды жауып тастаған. Сөйтіп ыстықкөлдіктер кенішті мемлекетке қайтару туралы заңға қарсылық білдіріп, алтын өндіруші компаниядан 1998 жылғы апат үшін төленетін өтемақының қалған бөлігін төлеуді талап етуде. Өткен жексенбіде, 20-мамырда облыс тұрғындары кенішке апаратын тас жолды тағы да жапқан. Іс-шара кеше кешке бекетшілердің облыстық әкімшілік өкілдерімен келіссөздерінен кейін тоқтатылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны