09.07.2007, 13:03 2730

Қырғызстан үкіметі шекаралық ынтымақтастық орталықтарын құру туралы Қазақстанмен арадағы негіздемелік келісімді бекітті

БІШКЕК. 9-шілде. Kazakhstan Today. Қырғызстан үкімет басшысы Алмазбек Атамбаев "Аухатты - Кен-Булун"және "Айша-биби - Чон-Капка" атты халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталықтарын құру туралы Қазақстанмен арадағы негіздемелік келісімді бекіту туралы үкіметтің қаулысына қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бұл шешім Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар саласындағы екі жақты ынтымақтастықты тереңдету, екі елдің шекаралас аумақтарында шекаралық сауда-саттықты дамыту мақсатымен қабылданды. Қаулы негіздемелік келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік процедураларды атқару үшін қажет. Бекітілген құжат бойынша тараптар мемлекеттік шекараға таяу жерлерде халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталықтарын құрады ",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

"Аухатты - Кен-Булун" орталығы Қазақстанның Жамбыл облысы Қордай ауданы мен Қырғызстанның Чуй облысы Ысық-Ата ауданының шекарасында, ал "Айша-биби - Чон-Капка" орталығы Қазақстанның Жамбыл облысы Жамбыл ауданы мен Қырғызстанның Талас облысы Манас ауданының шекарасында ашылады деп межеленген.

Орталықтардың қазақстандық және қырғызстандық бөліктерін салып игеру жұмыстарын екі елдің ұлттық заңнамаларына сәйкес анықталған мүдделі ұйымдар жүзеге асырады. Орталықтағы кез-келген шаруашылық жұмыстар сол мемлекеттің ұлттық заңнамасында қарастырылған талаптарға сәйкес іске асырылады.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігіне Қазақстан жағын аталмыш негіздемелік келісімнің күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік процедураларды Қырғызстанның жүзеге асырғаны жайлы хабардар ету міндеттелді. Қырғызстанның экономикалық даму және сауда министрлігі келісімнің іске асырылуына жауапты орган ретінде белгіленді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны