04.04.2007, 18:45 3345

Қырғызстанда бір айда журналистерді соққыға жығу оқиғасы үш мәрте тіркелген - үкіметтік емес ұйымдар

БІШКЕК. 4 - сәуір. Kazakhstan Today. Қырғызстанда өткен айда журналистерді соққыға жығуға қатысты үш дерек тіркелген. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында "Журналистер" қоғамдық бірлестігінің басшысы Марат Токоев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Наурызда республика журналистерін соққыға жығуға қатысты үш дерек тіркелген, бұл алаңдаушылық тудыратын дерек",- деп хабарлады М. Токоев. Ол, қарашадағы Қырғызстанның оппозициясы мен билік арасындағы текетірес барысында әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының сегіз қызметкері соққыға жығылғандығын атап өтті. Қоғамдық бірлестіктің басшысы көптеген журналистер оппозицияның осы 9 - 11-сәуірге белгілеген мерізімсіз митингілері барысында зардап шегуі мүмкін екендігін айтып өтті.

"Сәуірдегі оқиғалар қарашадағымен салыстырғанда қатты болу мүмкін",- деп атап көрсетті М. Токоев. Ол, қоғамдық бірлестікке бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне психологиялық тұрғыда қысым жасалу деректерінің де белгілі екендігін хабарлады. М. Токоев журналистерге бұл ақпаратты халықаралық құқық қорғау ұйымдарына тарату үшін баспасөзге жасалған қоқан-лоққы туралы әрбір оқиғаны хабарлап отыруды ұсынды.

"Халықаралық төзімділік үшін" қоғамдық қорының басшысы Рая Қадырова өз кезегінде, журналистерге жан-жақты қысым көрсету проблемаларына қатысты "дөңгелек үстел" өткізуге ұсыныс жасады. Үкіметтік емес ұйымның жетекшілері іс-шараға шенеуніктердің журналистерді қорғау туралы меморандумға қол қоюы үшін республиканың күш құрылымдары мекемелерінің басшылары мен Қырғызстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Адахан Мадумаровты шақыруды жоспарлауда. Бұл құжатта БАҚ қызметкерлеріне басқыншылық жасауға қатысты барлық жағдайға мемлекет қайраткерлерінің жеке жауапкершілік жүктейтіндігі атап көрсетіледі деп күтілуде.

"Журналистер мен БАҚ билік үшін де, оппозиция үшін де өз мақсаттарына жетудің құралы болуға тиіс емес",- деп көрсетілген бұл құжатта. "Жоғары мәртебелі шенеуніктер тарапынан ешқандай шараның қолданылмай отырғандығы азаматтық қоғам белсенділерін бұл қылмыстық акциялар ... біздің билік басшыларын алаңдатпайды деген ойға жетелейді",- деп атап көрсетті қоғамдық ұйым жетекшілері.

Осыған байланысты Қырғызстанның үкіметтік емес ұйымы билік өкілдерінен "журналистерді қатыгездікпен соққыға жығу деректерін мұқият тексеруді және де қоғамды тергеу барысы туралы үнемі хабардар етіп тұруды" талап етті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны