10.04.2007, 17:11 3451

Қырғызстанда қосымша қауіпсіздік шаралары қабылдануда

БІШКЕК. 10 - сәуір. Kazakhstan Today. Қырғызстанда жоспарланып отырған оппозициялардың жаппай іс-шаралары мен Шанхай ынтымақтастық ұйымдарының саммитіне дайындалуға байланысты қосымша қауіпсіздік шаралары қабылдануда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Үкіметтің атап көрсеткеніндей, соңғы күндері елдегі болып жатқан оқиғалар Қырғызстан Республикасы азаматтарының ғана емес, сондай-ақ Қырғызстан Республикасында тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың да және де барлық дүниежүзілік қоғамдастықтардың алаңдаушылығы мен үрейін туғызуда",- деп айтылған үкіметтің баспасөз қызметінің министрлер кабинеті отырысының қорытындысы бойынша дайындаған хабарламасында.

Осыған байланысты Қырғызстан Республикасының ішкі істер министрлігіне қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақсыздануына жол бермеуге бағытталған жедел - алдын-алу шараларын жүргізуге, ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттеріне бақылау жасауға, өте маңызды нысандар мен Қырғызстан Республикасында тіркелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдарды қорғауды қамтамасыз етуге тапсырма берілді.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігіне басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып ұлтаралық және діни қақтығыстардың туындауының нышандарын дер кезінде анықтауға қатысты кешенді іс-шаралар жүргізу тапсырылды.

Сонымен қатар, Қырғызстан Республикасының ішкі істер министрілігінің қызметкерлері бейбіт халыққа қарсы қару қолдануға жол бермеу туралы қатаң ескертілуге тиіс. "Қырғызстан Республикасының ішкі істер министріне қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылған жеке құрамға бейбіт халыққа қарсы Қырғызстан Республикасының заңында қарастырылған қоғамдық тәртіпті топпен бұзу кезінде белсенді қорғанудың арнайы құралдарынан басқа табельдік қару-жарақ қолдануға жол бермеу туралы қатаң ескерту жасау тапсырылды",- деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Қырғызстан Республикасының білім және ғылым министрілігіне оқу орындарының ректорлары мен профессорлық-оқытушылар құрамымен бірлесе отырып, оқу орнында оқитындармен наразылық шараларына қатысуға құқықтылығын түсіндіру жөнінде кездесулер өткізу тапсырылды.

Қырғызстан Республикасының әділет министрлігіне "бас бостандығынан айыру орындарында тәртіпсіздіктердің болуына жол бермеу мақсатында заңға сәйкес заңдылықты сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды".

Қырғызстан Республикасының Бас прокуратурасына митингке қатысушылар тарапынан заңға қайшы іс-әрекеттер болған жағдайда митингті ұйымдастырушыларға заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы ресми түрде алдын-ала ескерту жасауға ұсыныс жасалды. Қырғызстанның қаржы министрлігіне құқық қорғау органдарының қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты жүргізіп отырған іс-шараларын қосымша қаржыландыру тапсырылды.

Осыған дейін хабарланғандай, Қырғызстан астанасы мен республиканың бірқатар қалалары мен ауылдарында 5 сәуірден бастап оппозиция жақтастарының саяси аштығы өтуде. Олар президент Құрманбек Бакиевтің отставкаға кетуін талап етіп отыр. Аштыққа жүзден астам адам қатысуда. 9-сәуірден бастап республика аймақтарында оппозициялардың митингілері өтуде, ертең, 11 сәуірде, мерзімсіз наразылық акциясына қатысушылар Бішкекке келеді. Олар мерізімінен бұрын президент сайлауы мен конституциялық реформа жүргізуді талап етуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны