13.10.2006, 09:24 3189

Қырғызстанда жанар-жағармай бағасы 10-20% қымбаттайды деп күтілуде

БІШКЕК. 13 қазан. Kazakhstan Today. Егер Қырғызстан парламенті акциздік салық ставкасын көтеру туралы жаңа заң қабылдайтын болса, жанармай мен дизель бағасы 10-20% қымбаттайды. Бұл жөнінде Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында Қырғызстанның мұнай сатушылар қауымдастығының президенті Базарбай Мәмбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Б.Мәмбетовтың айтуынша, акциздік салық ставкасын көтеруге бағытталған заң жобасын парламентке Қырғызстанның экономика және қаржы министрлігі ұсынған. Министрлік жанармай мен дизельді 4 есеге, мазут бағасын 3 есеге көтеруді ұсынып отыр.

Сонымен қатар, заң жобасы әуе керосинінің және шикі мұнайдың нөлдік ставкасын жойып, тиісінше тоннасына 2000 және 6000 сом(51$ және $15 ) көлемінде енгізуді көздейді.

"Аталған заң қабылданған жағдайда Қырғызстанда жанармай мен дизель бағасының литрі 2-4 сомға қымбаттайды, ол қоғамдық көлікте жол жүру бағасы мен азық-түлік бағасының өсуіне ықпал етеді, оған қоса мұнай өнімін заңсыз тасымалдау көлемі де 2-3 есеге ұлғаяды",- деп атап өтті Б.Мәмбетов.

Ол, Қырғызстан нарығындағы жанар-жағармай материалдары бағасының тұрақтылығы жанар-жағармай импортының қазіргі акциздік ставкасына байланысты екенін ерекше атап өтті.

Қауымдастық президентінің айтуынша, ұсынылып отырған акциздер жанар-жағармай тасымалдаушылармен келісілмеген. Б.Мәмбетов бүгінде жанар жағармай нарығының 80% "ГазпромНефть Азия" компаниясының бақылайтындығын айтты, импорт көлемі бойынша екінші орында "ШНОС" бекеттер желісімен танымал ОсОО "Кирселл", үшінші орында "Дениз Ойл" қырғыз-қазақ мекемесі.

Б.Мәмбетов, биыл Қырғызстан нарығындағы Қазақстанның жанар-жағармай материалдарының үлесі барынша азайғанын айтады. Республикада сатылатын жанармай мен дизелдің 99% Ресейден әкелінеді.

Қауымдастьық президентінің айтуынша, өткен жылы Қырғызстанның мұнай сатушылары республикалық бюджетке салық ретінде 1млрд.200 сом ($30,7млн.) аударған, келесі жылы болжам бойынша бұл сома 1,5 млрд.сомға ($38,4 млн.) жетеді, бұл ел бюджетінің жиырмасыншы бөлігін құрайды.

Қырғызстанда Аи-80 маркалы жанармай бағасы 19,2 сом ($0,49), Аи-93 - 23,7 сом ($0,6), дизель - 21 сом ($0,53) тұрады. Осы жылдың қаңтар айынан бастап Аи-80 маркалы жанармай 2,6%, Аи-93 - 10%, дизель - 7,6% қымбаттады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны