19.01.2007, 17:18 2979

Қырғызстанда жұмыс істейтін қазақстандық дипломаттар мен кәсіпкерлер жер сілкінісінен зардап шеккендерге 15 мың АҚШ долларын аударды

БІШКЕК. 19-қаңтар. Kazakhstan Today. Қырғызстанда жұмыс істейтін қазақстандық дипломаттар мен кәсіпкерлер Қырғызстан Республикасының Нарын облысының Кочкор ауданында болған жер сілкінісінен зардап шеккендер қорына 15 мың АҚШ долларын аударды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі Өмірзақ Өзбеков мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біз бауырлас көрші елміз, сіздерде болып жатқан жағдайдың бәріне де біз бей-жай қарап отыра алмаймыз", - деді Ө. Өзбеков. Ол аударылған қаржының Қырғызстанда жұмыс істеп отырған қазақстандықтардың соңғы көмегі емес екендігін атап өтті. Кейбір қазақстандық кәсіпорындар зардап шеккен аудан тұрғындарына көмек көрсетуді енді ғана жоспарлап отыр.

Ө. Өзбековтың сөзіне сүйенсек, Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы елшілігі 14 мың сом (370 АҚШ долларын), "Алтын-Кен" АҚ - 200 мың сом (5,2 мың АҚШ долларын), "Қырғызстан АТФ Банкі" ААҚ - 100 мың сом (2,6 мың АҚШ долларын), "Қырғызстан халық банкі" ААҚ - 400 мың сом (1 мыңнан астам АҚШ долларын), Қазақстандық инвесторлар қауымдастығы 20 мың сом (500 АҚШ долларын) аударған. Сонымен қатар, қазақстандық инвесторлардың Қанттағы цемент-шифер өндіру комбинаты Кочкор ауданының тұрғындарына тегін цемент берсе, ал "Дениз-Ойл" ОсОО бір тонна бензинді тегін бермек.

Бұрын хабарлағанымыздай, жер сілкінісі өткен жылдың 26-желтоқсанында Қырғызстанның Нарын облысының Кочкор ауданында болған, жер сілкінісінің ошағында дүмпу күші Рихтер шкаласы бойынша 7 баллға жеткен. Жер сілкінісінің салдарынан 6 мыңнан астам үй зардап шеккен.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны