10.04.2007, 19:02 3244

Қырғызстанның президенті митинг барысында болуы мүмкін тәртіпсіздіктердің жауапкершілігін оппозицияға жүктеді

БІШКЕК. 10 - сәуір. Kazakhstan Today. Қырғызстанның президенті Құрманбек Бакиев митинг барысында болуы мүмкін тәртіпсіздіктердің жауапкершілігін оппозицияның жетекшілеріне жүктеді. Бұл туралы мемлекет басшысы бүгін республика халқына жолдаған үндеуінде мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Мен кез-келген заңсыз әрекеттер мен тәртіпсіздіктер үшін барлық жауапкершілікті осының бәрін бастағандарға жүктеймін",- деп атап өтті Қ. Бакиев. "Егер Қырғызстанның азаматтары мен қонақтарына қандай да бір қауіп төнсе, заң бұзушылықтардың жолын кесу үшін және де осы заң бұзушылықтарға барған адамды жазалау үшін ең қатаң шаралар қолданылатын болады",- деп атап көрсетті ол.

Президенттің айтуынша, республиканың құқық қорғау органдары шеруге шыққандарды қудаламайды, себебі митинг немесе басқа да бұқаралық іс-шаралар жүргізу құқығы республика заңында бекітілген. Сонымен қатар, президент қолданыстағы заңға сәйкес, іс-шара қаланың тіршілік әрекетіне кедергі келтірмеуге, басқа азаматтардың тыныштығына, мемлекеттік мекемелердің, көлік магистралінің қызметіне қауіп төндірмеуге тиіс екендігін еске сала кетті.

Қ. Бакиев өзінің оппозициялармен келіссөздер жүргізу үшін "қолдан келгеннің бәрін" жасағандығын атап өтті.

"Қырғызстан телевизиясына қоғамдық сипат беру жөнінде шешім қабылданды, құрамындағы адамдардың көбі оппозиция билік өкілдерінен тұратын Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі топ құрылып, ол топ өз жұмысын аяқтады",- деді мемлекет басшысы. "Біз оппозициялардың басты жетекшілерінің бірі басқарған үкіметті қалыптастыруға дейін бардық... Оған үзілді-кесілді талаптар мен ымыраға құлықсыздық, Конституцияның жаңа нұсқасын жасау мен үкіметтің жұмысына атсалысудан бас тарту түрінде жауап берілді",- деп атап өтті Қ. Бакиев.

Қырғызстан президентінің пікірінше, наразылық акциясы арқылы "өкпелі саясаткерлер тобы реформаны жеделдету үшін күресеміз деген желеуімен билікті өздеріне тиімді түрде бөлуге күштеуде". Мемлекет басшысы ел тұрақтылығы үшін кез-келген келіссөз жүргізуге дайын екендігін тағы да мәлім етті.

Қ. Бакиев астана тұрғындарын сауда орындарына шабуыл жасау және де көлік құралдарын бүлдіруі мүмкін жағдайлардан қауіптенбеуге шақырды. Президент, қаланың барлық қызметтері азаматтар мен олардың меншіктеріне төнген кез-келген қауіп-қатерге жауап ретінде жедел әрекет ететіндігіне сендірді.

"Мен Бішкек қаласы саяси ойынға әуестенушілер тарапынан өзінің тыныштығына төнген қауіпті жеңіп шығады, жаппай тәртіпсіздіктер мен заңмен қақтығысуға жол бермейді деп сенемін",- деп атап өтті Қ. Бакиев.

Осыған дейін хабарланғандай, Қырғызстан астанасы мен республиканың бірқатар қалалары мен ауылдарында 5 сәуірден бастап оппозиция жақтастарының саяси аштығы өтуде. Аштыққа жүзден астам адам қатысуда. 9-сәуірден бастап республика аймақтарында оппозициялардың митингілері өтуде, сәрсенбіде, 11 сәуірде, кең ауқымды мерзімсіз наразылық акциясына қатысушылар Бішкекке келеді. Олар мерізімінен бұрын президент сайлауы мен конституциялық реформа жүргізуді талап етуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны