16.04.2010, 18:38 4692

Киров су қоймасының қауіпсіздігін толықтай Қазақстанның міндетіне алуы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізу қажет - депутат сауалы

"Мен үкіметтен екі ел арасында келіссөз жүргізу арқылы Киров су қоймасының қауіпсіздігін толықтай Қазақстанның міндетіне алуы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізу қажет деп есептеймін",- деді депутат.

Астана. 16 сәуір. Kazakhstan Today - Киров су қоймасының қауіпсіздігін толықтай Қазақстанның міндетіне алуы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізу қажет. Бұл туралы Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің осы аптада өткен жалпы отырысында депутат Амангелді Момышев Республика премьер-министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Онда былай делінген: "Үстіміздегі жылдың 7 сәуір күні кешкілік Тараз қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендерде үлкен дүрбелең болды. Бұның басталуына Қырғыз Республикасындағы көршілес Талас облысында болған уақиғалар себеп болып, кейбір азаматтардың Қырғыз жағы Киров су қоймасын күл талқан етіп жарамыз деген лақап хабардан туды.

Қырғыз елінде орналасқан Киров су қоймасына жарылыс жасалады екен деген сыбыс ел арасына тез тарап, тұрғындар үйлерін тастап көлігі барлар автокөлікпен, арбасы барлар арбамен, тіпті такси жалдап, май құятын станциялардағы барлық жанар майды тауысып, Тектұрмастың төбесін мекендеп, басқа тау-жота мен елді мекендерге қашқан.

Иә, Киров су қоймасы жарылса қала мен қала маңындағы елді мекендерге орны толмас зардап әкелетін еді. Шынында 500 миллион текше метр су тұрған қойма жарылса, небәрі 40 шақырым жердегі қойма суы әп-сәтте қаланы ағызып әкетері сөзсіз болатын. Күні кеше ғана бұдан суы 15 есе аз Қызылағашқа қандай опат әкелгенін ұмыта қойған жоқ шығармыз. Бұл су қоймасы бүкіл Тараз қаласының барлық өндіріс орындары мен 400 мың халқы бар қаланы толық шайып кетіп, Қызылағаштың қырғыны саябырлай бастағанда, тағы да сақтанбай, салымызды, малымызды, жанымызды суға ағызып алмайық ағайын.

Бұл су қоймасының жай-күйі өз алдына әңгіме. Ол 1993 жылдан бері жөндеу көрген жоқ. Кезінде Қырғыз үкіметі суды Жамбыл облысының тұрғындары пайдаланатындықтан Киров су қоймасын 50-60 жылға Қазақстанға жалға беріп, бізден оны алуларымызды сұраған болатын. Ол кездері бұған үкімет құлақ салмады. Қаражат мәселесі де қарастырылмаған еді. Қырғызстандағы жағдай белгілі, осындайда қоймаға қойылған бір жарылыс төменде орналасқан Тараз қаласы үшін орны толмас зардап екені сөзсіз. Бұл қашанда ойда болатын нәрсе.

Менің нақты айтайын дегенім қауіпсіздік пен сақтық шаралары. Су қоймасы Қырғыз жерінде, солардың иелігінде. Алғашқы кездері Қырғыз жағы арнайы жасақталған күзет қызметін қойып, маңайына тірі адам жолатпайтын. Ал кейін келе тек жай 2 адамдық қарауыл қойып, олар плотинаны тамашалау алаңына айналдырып, елді суретке түсіріп, қауіпсіздік шараларға еш көңіл бөлмейтін болды.

Осы су қоймасы арқылы қырғыздардың аздаған ауыл-аймақтары бақша өсіріп, оны көршілес қазақ жеріне әкеліп күн көріп отыр. Алайда, су қоймасының қауіпсіздігі Қырғыз бауырларды онша толғантпайды. Өйткені, апат бола қалған жағдайда қырғыздар емес, негізінен қазақтар зардап шегеді. Осыған орай, су қоймасы қырғыз жерінде, солардың иелігінде деп қамсыз отырғанымыз ауыр зардаптарға ұшыратуы мүмкін.

Мен үкіметтен екі ел арасында келіссөз жүргізу арқылы Киров су қоймасының қауіпсіздігін толықтай Қазақстанның міндетіне алуы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізу қажет деп есептеймін.

Илгі сыбыс шығып, ел дүрліккен кезде су қоймасына әскери қарулы күзет қойылды. Қауіпсіздігін сақтауға бізде мүмкіндік жетеді, қаржы қарастыруға да болады. "Жаман айтпай, жақсы жоқ", су қоймасының қауіпсіздігін сақтау үшін онда қысы-жазы, күндіз түн қарулы күзет қою керек. Оның маңына бөгде бір адамды жолатпау қажет. Көршілеріміз аумалы-төкпелі, шиеленісте өмір сүріп отырғанда біздің қауіпсіздік шараларын ойластырмауымызға қақымыз жоқ. Осы тұрғыда Қырғыз үкіметімен бірлесе су қойманың қауіпсіздігін заңдастыру қажет.

Жағдайдың маңыздылығын ескере отырып, үкімет тарапынан арнайы тексеру жүргізіп, қауіпсіздік шараларын іске асыру үшін комиссия құрылуы тиіс.

Жедел басқару мүмкіндігін арттыру мақсатында Қазақстандық Шу-Талас бассейні су шаруашылық басқармасы және "Таразводхоз" мемлекеттік мекемелері Қырғызстандық Киров су қоймасына қажетті жөндеу жұмыстарын бірлесе атқарып, арада радиобайланыс орнату керек.

Тағы да дүрлігіс туып, халықтың тұрған үйлерін тастай қашуына жол бермеуге, ең басты орны толмас зардап шегіп қалмау үшін Киров су қоймасының қауіпсіздігін толық өз қолымызға алмайынша Жамбыл облысының тұрғындары үреймен өмір сүрері анық, сонымен бірге су қоймасы қолында тұрған қырғыз елі кез келген жағдайда бізге қоқан-лоққы көрсетіп, бізді қорқынышта ұстамақшы. Біз елдің алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге міндеттіміз",- деді депутат өз хатында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны