02.04.2010, 11:26 1662

Қызылағаш ауылында тасқын зардаптарын жоюға және зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсету мақсатында 2 млрд 751 млн теңге жиналды

Қызылағаш ауылында тасқын зардаптарын жоюға және зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсету мақсатында 2 млрд 751 млн теңге жиналды

Талдықорған. 2 сәуір. Kazakhstan Today - Алматы облысының Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында болған тасқын зардаптарын жоюға және зілзаладан зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсету мақсатында 2010 жылдың 1 сәуіріндегі жағдаймен 2 млрд 751 млн теңге жиналды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"1 сәуірдегі жағдаймен үкіметтің резервінен 599 млн 838 мың теңге келіп түсті. Талдықорғандағы қоймаларға мемлекеттік материалдық резервтен 182,3 млн теңгенің материалдық құндылықтары жеткізіліп, есепке алынды. Ұлттық компаниялардан 571,1 млн теңге, соның ішінде "Самұрық - Қазына" ҰИАҚ АҚ-ынан 500 млн теңге түсті. Республиканың басқа облыстары мен қалаларынан 870 млн теңге аударылды. "Жансүгіров" қайырымдылық қорының есепшотына 710,2 млн теңге түсті", - делінген әкімдіктің баспасөз баянында.

"Алматы облысындағы қоғамдық ұйымдар, ұлттық орталықтар, заңгерлік ұйымдар мен аудандар 9,9 млн теңгенің қайырымдылық көмегін азық-түлік өнімдерімен көрсетті", - делінген хабарламада.

Икімдіктің ақпаратына сәйкес, қазір Қызылағаш ауылында 63 мердігерлік ұйым 452 жаңа үй салуда және 17 үйге күрделі жөндеу жасап жатыр. 15 үйдің кірпіші қаланып, 10 ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, 72 іргетас қаланды.

Жер телімдеріне қатысты проблемаларды реттеу үшін жұмыс тобы құрылып, ол орта мектептің ғимаратында орын тепті.

Су қамтамасыздығы көздері қалпына келтірілуде. Екі ұңғы бұрғыланып, бірінші ұңғыдан алынған судың сынамасының микробиологиялық, химиялық және радиологиялық көрсеткіштері нормаға сәйкес болып шықты, соның арқасында ауылда ауыз су алатын колонка іске қосылды. Екінші ұңғыдан алынған сынамалар сараптамаға жіберілді. Ауыл ішіндегі жалпы су құбырын тарту жұмыстары таяу уақыттарда аяқталады деп күтілуде.

Қазіргі мәліметке сәйкес, тасқыннан 44 адам қаза тапқан.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасында жаңбыр мен ауа температурасының көтерілуі салдарынан 11 наурыз күні сағат 22.20-да тоғанның шығыс жағы бұзылды. Соның салдарынан 3 мың адам тұратын Қызылағаш ауылындағы 257 үйді су алды.

Бұдан бұрынғы хабарларға сәйкес, Қызылағаш ауылындағы судың сынамасы микробиологиялық көрсеткіштері бойынша нормаға сәйкес келмейді деген ақпар болған.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сәйкес, "талдау нәтижелері микробиологиялық көрсеткіштері бойынша су нормаға сәйкес келмейтін болып шықты. Суды ауыз су мақсатында пайдалануға тыйым салатын ескерту белгілері қойылған".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны