01.08.2006, 12:46 3246

Қызылорда облысында гептилдің жер асты суларына өтіп кету қаупі бар

ҚЫЗЫЛОРДА. 1-тамыз. Kazakhstan Today. Қызылорда облысында гептилдің жер асты суларына өтіп кету қаупі бар. Бұл туралы Ресейдің "Днепр" зымыраны құлаған аумақтағы экологиялық ахуалды талқылауға арналған әкімшіліктегі кеңейтілген құрамдағы кеңесте кеше айтылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Қармақшы ауданында, зымыран құлаған жерде болып қайтқан облыс әкімі Икрам Адырбековтың айтуынша, "ауыл тұрғындары әсіресе гептилдің жер асты суларына өтіп кету мүмкіндігінен қауіптеніп отыр". Икім мамандардың пікіріне сәйкес қаупі жағынан бірінші класс тобына жататын улы отынның шұңқырды айнала 200 метр аумаққа төгілгенін жеткізді. "Тексерулер қорытындысы көрсеткендей, топырақтағы гептилдің концентрациясы жоғары болып шықты. Шұңқырдың тереңдігі 11 метрден асады. Ал жергілікті тұрғындар пайдаланатын құдықтардың тереңдігі 5-6 метрден аспайтынын ескерсек, бұл - аса қатерлі",- деді облыс әкімі.

Қазақстанның "Инфракос-Эко" экологиялық зертханасының қорытындысы бойынша ғарыштық зымыран құлаған жерде түзілген шұңқырдың түбіндегі гептил концентрациясы бір литрге шаққанда 1000 миллиграмды құрайды. Бұл - шектеулі концентрациядан мың есе артық.

Ресми мәліметтерге сәйкес, "Днепр" зымыран тасығышына 120 тонна гептил мен тотықтырғыш амил түріндегі зымыран отыны құйылған.

Зымыран құлаған жерде диаметрі 50 метрлік шұңқыр түзілді. Соққы салдарынан 8 гектар жерде сексеуіл, баялыш, жусан, жантақ, селеу, ран сынды өсімдік атаулы өртеніп кеткен.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қызылорда облыстық прокуратурасы "Днепр" зымыран тасығышының құлау дерегіне байланысты ауаны ластау жөніндегі 282-ші бабы 1-тармағы және жерді бүлдіру жөніндегі 285-ші бабы, 1-тармағына сәйкес қозғалды. "Облыстық ішкі істер департаментіне тапсырылған тексеру барысында қылмыстық іс ҚР Қылмыстық істер кодексінің 282 және 285-баптарының жоғарыда аталғандарынан да "ауыр" тармақтарына ауыстырылуы мүмкін",- деп мәлімдеді Қызылорда облысының прокуроры Зарлық Лақпаев.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны