10.07.2006, 11:15 3299

Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші компанияларға заң бұзғаны үшін 55 млн. теңгенің айыппұлы салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. 10-шілде. Kazakhstan Today. Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші компанияларға тексеру нәтижесінде заң бұзғаны үшін 55 млн. теңгенің айыппұлы салынды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік департаментінің директоры Серік Қожаниязов хабарлады.

С.Қожаниязовтың хабарлауынша, Қызылорда облыстық 17 департаменті осындағы мұнай өндіруші компанияларға тексеру жүргізген.

«CNPC «АйДан мұнай» АҚ, «PetroKazakhstan Kumkol Resources», «КуатАмлон мұнай», «Қазгермұнай» және «Торғай Петролеум» компанияларында еліміздің 301 нормативтік-құқықтық актілерін бұзу оқиғалары анықталған.

Департамент директорының хабарлауынша, негізінен “Қауіпсіздік және еңбек қорғау туралы”, “Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы”, “Өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы”, “Қоршаған ортаны қорғау туралы”, “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы”, “Мұнай туралы” заңдарды бұзу оқиғалары тіркелді.

Исіресе «CNPC «АйДан мұнай» АҚ-ына қарасты мұнай кеніштерінде 90-нан астам заң бұзушылық деректері анықталды. Атап айтсақ, тексеру барысында шикі мұнай құйылған шұңқыр табылды. Арыс кенішіндегі вахталық кенттің аумағында тұрғын үйлерге таяу жерде химиялық реагенттер құйылған 89 дана 200-литрлік бөшке сақтаулы тұрған. Құжаттарда қызметкерлердің тамақтану ассортименті басқаша көрсетіліп, іс жүзінде оларға басқаша тамақ беріліп келген. Аумағы 10 шаршы метрлік бір бөлмеде 12 адам өмір сүрген.

Сонымен бірге мұнай кенішінде инженер лауазымы бойынша заңсыз жұмыс істеп келген Қытайдың үш азаматы анықталды. Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген лицензиялар категориясына сәйкес болмай шыққан. “Ұлы қабырға” атты мердігерлік ұйымда Қытай азаматы директордың қаржы жөніндегі орынбасары деп тіркеле тұра, бұрғылаушы шебердің жұмысын істеп келген.

Департамент директорының айтуынша, аймақтағы жер қойнауын пайдаланушыларға анықталған заң бұзушылықтарды 4 айда жоюға тапсырма берілді.




МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны