16.02.2007, 17:58 4397

Қызылорда облысының әкімшілігінде ауыс-түйіс болды

ҚЫЗЫЛОРДА. 16-ақпан. Kazakhstan Today. Қызылорда облысының әкімшілігінде ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Атап айтқанда, бұрындары Қазақстан Республикасының қаржы министрлігінің Қызылорда облысы бойынша дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті басқармасының бастығы қызметін атқарған Темірлан Сатбаев облыстық қаржы департаментін басқаратын болды.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы бастығы Талғат Матаев кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры болып тағайындалды. Облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед оның кандидатурасын ұсына отырып, Талғат Матаев "барлық инвестициялық жобалар туралы тамаша білімі бар" екенін атап өтті.

Бұрындары Қызылорда облысының әкімшілік аппаратының бастығының орынбасары қызмет атқарған Мейрамбек Шермағамбет облыстық білім департаментінің директоры лауазымына тағайындалды. "Мейрамбек Шермағамбет - арғы аталарынан бері педагог. Оның ата-анасы - Қазақстанның, тіптен КСРО-ның білім үздіктері. Оның екі жоғарғы білімі бар, бірінші мамандығы бойынша ол тарих және қоғамтану мұғалімі",- деп түсіндірген аймақ басшысы өзінің шешімін.

Бұрын хабарлағанымыздай, кеше Қызылорда әкімі де ауысқан болатын. Қызылорда әкімінің лауазымына Серік Қожанияз тағайындалған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Мұхтар Құл-Мұхаммед Қызылорда облысын бір айдан бері басқарып келеді. Сол кезде облыс белсенділіренің отырысында сөз алған ол, аймақта мамандардың ауыс-түйісі болмайтындығын мәлімдеген болатын. "Тіптен мамандардың ауысуы қажет болған жағдай туса да, оларды жергілікті мамандармен ауыстыруға тырысам",- деген болатын М. Құл-Мұхаммед.

Дегенмен, жергілікті талдаушылар кешегі ауыс-түйіс Қызылорда облысының әкімшілігінде жаңа команда құрудың бастамасы ғана, деп санайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны