31.03.2008, 09:51 3546

Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттары Көксарай су қоймасының құрылысын салуды тоқтатуды өтініп отыр

Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттары Көксарай су қоймасының құрылысын салуды тоқтатуды өтініп отыр

Қызылорда. 31 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттары Сырдария өзеніндегі Көксарай суқоймасының салу жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстарды тоқтатуды өтініп отыр, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі облыстық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Құдайбергеновке сілтеме жасай отырып.

Н. Құдайбергеновтың айтуынша, құрып бара жатқан Арал тағдыры тағы да Қызылорда облыстық мәслихатының назарына іліккен. Бұған себеп: Сырдариядағы ірілігі жөнінен алтыншы орынды иеленуі тиіс болған Көксарай су қоймасын салу туралы Қазақстан Республикасы үкіметінің шешімі".

Хатшы 28 наурызда облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттар мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке үндеу жариялаған. Онда мұндай құрылыстың экологиялық және экономикалық жөнсіздігі жөніндегі айғақтар келтірілген. "Депутаттар жобаны жүзеге асыру жұмыстарын тоқтатуды өтініп отыр", - деді Н. Құдайбергенов.

Облыстық мәслихаттың хатшысы хабарлағандай, 28 наурыз күні жаңа су қоймасын салуға қарсы адамдардың барлығының басын қосқан "Туған жер" қоғамдық қозғалысы жанынан штаб құрылған. Оған өңірдің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, ғалымдар, депутаттар, журналистер және ақсақалдар, яғни, Арал теңізі мәселесі көңілін толғандырған тұлғалардың бәрі дерлік кірді.

Алғашқы өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Экология ҒЗИ директоры Серікбай Қошқаров ғалымдардың атынан былай деп мәлімдеді: Көксарай Арал проблемасын шиеленістіріп жібереді және "Сырдария жағасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау" халықаралық экологиялық жобасының іске асуына қатер төндіреді".

"Бізге Көксарай тек қыста ғана су алады деді. Олар Кіші Аралдың нақ осы кезде су жинайтынын ұмытса керек. Қыста жиналған су сосын толығымен суғаруға пайдаланылмақшы", - деп еске салды облыстық мәслихаттың депутаты Қожахмет Баймаханов. Штаб жетекшісі Мұрат Мұхамедов: "Ұлттық және мемлекеттік мүдде деген ұғым бар. Осы жағдайда олар бір шетте қалып қойған. Тек белгілі бір тұлғалардың ғана мүддесі ескерілген", - деп атап көрсетті.

Н. Құдайбергеновтың хабарлауынша, облыстық мәслихаттың сессиясында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің су ресурстары комитетінің басшылығы, Астана мен Алматы қалаларының танымал ғалымдары мен экологтарының қатысуымен қоғамдық тыңдалым өткізу туралы шешім қабылданған.

Естеріңізге сала кетсек, өткен сәрсенбі күні ҚР парламенті мәжілісінің отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолданған болатын. Онда дағдарысты тудырмеу үшін Көксарай құрылысының жобасын экологиялық сараптамадан өткізу ұсынылған еді. Мәжіліс депутаттары К. Бисенов, Ж. Асанов, С. Айымбетов пен М. Ибенов "Көксарай болашағы талқыланып жатқанда неліктен не Қызылорда облысының әкімі, не осы өңірден сайланған ҚР парламенті депутаттары үкімет отырысына қатыспағанына жауап беруді өтініп отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны