26.05.2008, 16:34 3122

Қызылордада қаланы газбен қамтамасыз ету жобасының екінші сатысы жүзеге асырыла бастады

Қызылордада қаланы газбен қамтамасыз ету жобасының екінші сатысы жүзеге асырыла бастады

Қызылорда. 26 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - "Қызылорданың жылу энергетикалық көздері мен тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру" жобасының екінші сатысы жүзеге асырыла бастады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Батыржан Қаракөзов мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Жалпы құны 5,4 млрд теңгені құрайтын облыс орталығын газдандырудың екінші сатысының жобасы Қазақстан Республикасының үкіметінің шешімімен "2007 - 2009 жылдарға арналған Арал өңірінің проблемасын кешенді шешу бағдарламасына" енгізілген", - деп атап көрсетті Б. Қаракөзов.

Оның айтуынша, "Қызылорданың жылу энергетикалық көздері мен тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру" жобасының бірінші сатысы 2004 - 2006 жылдары жасалған.

"Осы уақыт ішінде ұзындығы 120 шақырымды құрайтын Ақшабұлақ - Қызылорда магистральды газ құбыры, газ таратқыш станция, электр қуаты 50 МВт және жылу қуаты сағатына 90 Гкал болатын когенерациялық газ турбиналы электр станциясы салынып, қаланың екі жылумен жабдықтау көздері табиғи газға көшіріліп, көп қабатты 392 үй (19 214 пәтер), 363 жеке үй мен 66 әлеуметтік-тұрмыстық нысан газдандырылған. Осы мақсаттарға 7,4 млрд теңге жұмсалды", - деп хабарлады облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан хабарлады.

Қаланы газбен жабдықтау жұмыстары екі жылдық үзілістен соң қайта жанданды. Республикалық бюджеттен бұл мақсаттарға 2008 жылы 1 млрд теңге бөлінген. Келесі қаражат 2009 жылы бөлінеді.

"Ауыл тұрғындарына келер болсақ, "Бейнеу - Бозой - Шалқар - Самсоновка" магистральды газ құбырын салу жобасын жасар кезде оларды газдандыру үшін тармақтар салу қарастырылған. Газ құбыры магистралы елді мекендердің маңынан өтеді. Онда Арал өңірінің халқының 80 пайызынан астамы өмір сүріп жатыр", - деп түсіндірді облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Саламат Қалжанов.

Табиғи газды пайдалану баллондағы газды пайдалануға қарағанда айтарлықтай арзанға түседі. Қазіргі уақытта Қызылорда тұрғындарының жартысынан астамы баллон газын пайдаланады. Газ баллоны 2 мың теңге тұрса, табиғи газдың куб метрі есептегіш құрал бойынша 6 теңге тұрады. Яғни, бір жанұя табиғи газға орта есеппен алғанда айына 150 теңге шамасында төлейді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны