08.11.2017, 18:03 5035

Қызылордалық делегация Иран қазақтарымен кездесті

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасыныӊ сәлемін жеткізді. Және парсы ақыны Фердоусидіӊ "Шахнамасын" қазақ тілінде жырлаған Сыр шайырларыныӊ аудиожинағын сыйлады.

Қызылорда. 8 қараша. Kazakhstan Today - Аумалы-төкпелі заманда төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтардыӊ бір шоғыры Иран Ислам Республикасында орныққан. Жуырда осы елге сауда-экономикалық байланысты дамыту мақсатымен барған қызылордалық делегация Иран қазақтарымен кездесті. Елбасыныӊ арнайы сәлемдемесін жеткізді, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.

Зиба Адай - Иранда қазақ радиосын ашуға мұрындық болған жандардыӊ бірі. Бүгінде зейнеттік демалыста жүргенімен, тілшілік тіршіліктен қол үзбеген. Қазақ тілініӊ туын тік көтеруді көздеген қандасымызбен Горганға қазақстандық делегациядан сұхбат алу үшін арнайы келіпті.

- Иранда ешқандай қазақ мектебі мен кітабы жоқ. Бірақ біз осы әке-шешеміздіӊ айтқандарымен сақтап қалуымыз үшін осы аз ғана қазақ тілін білгенімізбен ғана қазақ радиосын ашайық деп, Иран үкіметініӊ арқасында осы қазақ радиосын 3-4 мұғалім бастап ашып, кейін Қазақстан азаматтарын жұмысқа алып, қазір біз зейнетке шықтық. Қазақстаннан балалар-қыздар келіп, радио Тегеранда қазірге дейін жүріп жатыр,- дейді Ирандағы қазақ радиосыныӊ ардагері.

Гүлстан правинциясыныӊ Горган қаласында 400-дей қазақ отбасы бар екен. Оларға арнап зәулім қазақ мешіті де салынған. Қызылордалық делегация Иран қазақтарымен осы рухани ордада бас қосты.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасыныӊ сәлемін жеткізді. Және парсы ақыны Фердоусидіӊ "Шахнамасын" қазақ тілінде жырлаған Сыр шайырларыныӊ аудиожинағын сыйлады.

Иран қазақтары ата дәстүрге өте берік. Көпшілік жиындарда ұлттық нақышта киініп, ұлттық тағамдар дайындайды. Ал жеті атаға толмай қыз алыспау бұлжымас заӊдылыққа айналған. Жастарға жол көрсетер аға буын аталар аманатын барынша сақтап отыр. Қонақжайлықтары бір бөлек.

- Келін келеді, ол келінніӊ бетін ашады, ол келін келген құда, жекжат, ата-енеге шай құйып береді. Оған көрімдігін береді. Сол келін алып жатқанныӊ туысы, нағашы ағасы қой сойып, келін шақырады. Біздіӊ Ирандағы тойымыз, сол баяғы Қазақстандағы тойымыз, - дейді Горган қаласыныӊ тұрғыны Ибілсаттар Бәли.

Соӊғы жылдары Қазақстанда білім алуға ниетті Ирандағы қазақ жастарыныӊ қатары көбейген. Атамекенге түбегейлі қоныс аударғандар да аз емес екен. Еӊ бастысы, шеттегі аз ғана қандастарымыздыӊ миллиондардыӊ арасында жұтылып кетпеу үшін ұрпақ тәрбиесімен ұлттық рухты сабақтастыра білгені көӊіл қуантты.

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны