03.04.2018, 12:33 6797

Қоғам өзініӊ даму жолымен жүргені абзал

Меніӊше, Астана қаласында барлық жағдайды жасап, елдегі барлық дарынды балаларды жинап алып оқытатын Төле би, Ийтеке би, Қазыбек бидіӊ шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын. Содан соӊ даналыққа үйрететін Абайдыӊ даналық мектебі керек. Бұл біздіӊ балаларымыздыӊ болашағы үшін қажет.

Ол - баланыӊ конституциясы

...Сосын мектептерде әркім оқулық жазғыш болып кетті. Оқулық дегеніміз құнды дүние. Ол - баланыӊ конституциясы. Бірақ оны әркім жазғасын, оныӊ іші бірыӊғай қате болады. Біз сонымен бір ғана баланы емес, сан ұрпақты қателестіріп жатырмыз. Бұл өте өкінішті.

Шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын.

Меніӊше, Астана қаласында барлық жағдайды жасап, елдегі барлық дарынды балаларды жинап алып оқытатын Төле би, Ийтеке би, Қазыбек бидіӊ шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын. Содан соӊ даналыққа үйрететін Абайдыӊ даналық мектебі керек. Бұл біздіӊ балаларымыздыӊ болашағы үшін қажет.

Біздіӊ айызымызды қандырған, көкейімізден шыққан, іздегенімізді тауып берген Елбасымыздыӊ "Болашаққа бағдар: рухани жаӊғыру" атты мақаласында көтерілген мәселе бір күнде туған жоқ. Бұл көп уақыттан бері елдіӊ көкейінде жүрген, жұрттыӊ көкейін тескен, күндіз өӊінен, түнде түсінен кетпеген сондай тағдырлы қазақ халқыныӊ тағдырына қатысты тереӊ ойлар еді. Бұл мақаланы жазуға Елбасыныӊ өзі бірден келе қойған жоқ. Керек болатын болса, біздіӊ ұлт рухани жаӊғыруды тәуелсіздік алған кезден бастады. Мен мұны сол кезден басталған тәжірибеніӊ қорытындысы деп есептеймін. Біз мұны бұған дейін айтып та, жазып та жүрдік. Біз мұны кез-келген қазақ интеллигенциясыныӊ арманы десек болады.

Анау бір жылы Елбасы қасиетті Ұлытаудыӊ етегінде, Иулие бұлақтыӊ басында отырып тереӊ тебіреніп, халықпен сырласты. Сол сұхбатында көптеген ойлар айтты. Сонда қазақтыӊ қасиетті жерлері туралы, қазақтыӊ ешкімнен ұялмайтын тамыры тереӊ тарихы бар екені жайында, ол тарих үнемі тұтастану, бірігу тарихы екені жайында керемет айтты. Сол тұста көрші елдіӊ бір басшысы қазақтыӊ тарихы жоқ деген әӊгіме айтқан еді. Соған бұл қарсы айтылған керемет пікір есебінде болды. Қазақтыӊ өз тарихы бар, Қазақ хандығына 550 жыл болды деп, жұрт күтпеген жерден жарқ еткізіп батылдық танытты. Бұл қасиетті Иулие бұлақтыӊ басында айтылып еді. Содан бері Елбасы үнемі тебіренумен келеді. Меніӊ жадымда, тәуелсіздігіміздіӊ 25 жылдығына орай "Ұлы дала ұлағаттары" дейтін керемет бір кітап жазды. Онда қазақ тарихы, қазақтыӊ тағдыры, өткені, бүгіні жайлы айтып, ертеӊі жайлы керемет толғанады, ғажап тебіренеді. Мен ол туралы "Егемен Қазақстан" газетіне үлкен мақала бергенмін. "Ол еӊбектеген баладан, еӊкейген кәріге дейін, мектеп қабырғаларында, жоғары оқу орындарында, биік кеӊселерде жатпай тұрмай кітап оқитын. Мұнда қазақтыӊ тарихы бар, Елбасыныӊ тебіреністері бар" деп жазып едім. Мен кейде інілерімнен сұрастырам "Сендер осы кітапты білесіӊдер ме?" деп. Бірақ бір өкініші, билікте жүрген азаматтардыӊ көбісі мұны әлі оқыған жоқ.

Одан кейін Елбасы тәуелсіздігіміздіӊ шежіресі сияқты, тәуелсіздігіміздіӊ энциклопедиясы іспетті "Тәуелсіздік дәуірі" дейтін ғажап кітапты жазды. Бәріміз бұрын тарих туралы жазылған кітаптарды оқыдық қой. Ол кітаптарда бір алыс тарих көз алдымызға елестеуші еді. Ал мына "Тәуелсіздік дәуірініӊ" ішінде біздіӊ өзіміз жүрміз. Оқиғалардыӊ ішінде де өзіміз жүрміз. Өйткені, бұл тәуелсіздіктіӊ алды, тәуелсіздіктіӊ алғашқы жылдары туралы болды. Ондағы басымыздан кешкен қиындықтар, кешегі қаӊырап қалған аты бар, заты жоқ Қазақ КСР дейтін, Қазақстан кеӊестік социалистік республикасы дейтін республиканыӊ басынан кешкен ахуалдары туралы айтылды. Зауыттар қирады, совхоздар, колхоздар тарады, елдіӊ бала тәрбиелейтін аналары ала қапшық арқалап базарға кетті, мектептерде жақсы сабақ беріп жүрген мұғалімдердіӊ бәрі қап арқалап базарға кетті. Мұндай сұмдықтарды басымыздан кештік, соныӊ бел ортасында жүрдік. Соныӊ бәрі аталған кітапта жазылған. Ал "Болашаққа бағдар: рухани жаӊғыру" атты мақаласы сол кітаптардан, Иулие ата басында берілген сұхбаттан шыққан үлкен қорытынды.

Бұл мақалада айтылған мәселелерді жүзеге асыруға мемлекетіміз құлшына кірісті. Оны атқару, орындату мақсатында Елбасы Ұлттық комиссия құрды. Оныӊ төрағасы - қазіргі Президент әкімшілігініӊ жетекшісі Иділбек Жақсыбеков. Мен сол Ұлттық комиссияныӊ мүшесімін. Қазір көптеген облыстарда, орталықтарда, кейбір оқу орындарында Рухани жаӊғыру орталықтары құрыла бастады. Оны біз естіп, біліп отырмыз. Осы "Рухани жаӊғырудыӊ" мақсаты неде? Елбасы нені мақсат етіп отыр? Бұл жерде жаһандану заманында тілімізді, ұлтымызды, ұлттық мәдениетімізді, тарихымызды сақтап, өркениетті елдердіӊ көшіне ілесіп, солармен бірге болуды мақсат етіп отыр ғой. Біз қайтсек Қазақ елі болып сақталып қаламыз, қайтсек көштен қалмаймыз? "Қазақстан-2050" Стратегиялық бағдарламасында да Елбасы көптеген мәселелерді анық етіп қойған болатын. Сондағы стратегияныӊ мақсаты - озық 30 елдіӊ қатарына қосылу. Оныӊ ішінде, 2025 жылға қарай Қазақстан мемлекеті үлкен, кішісі бар түгел мемлекеттік тілде сөйлейді деді. Бұл - бір. Екінші - латын әліпбиіне көшеміз, ал үшінші - Қазақстан Қазақ елі деп аталады деп жазды. Міне, осыныӊ бәрі түптеп келгенде, Қазақстанды табан астынан болып жатқан өзгерістер заманында көштен қалдырмаудыӊ амалы деп есептеймін.

Елбасы көтерген мәселеніӊ тағы бірі - ұлттық код. Ұлттық код дегеніміз не? Ол біздіӊ ұлттық болмысымыз, ұлттық жаратылысымыз, ұлттық табиғатымыз, ұлттық санамыз, ұлттық мәдениетіміз, ұлттық салтдәстүріміз, ұлттық тарихымыз. Елбасымыз алда келе жатқан ғарыштағы заманға біз осы қасиеттерімізді сақтап, көштен қалмай, жаӊалықтарды бойымызға сіӊіріп барып жетуіміз керек деп отыр.

Мен жаӊалыққа қарсы емеспін. Дегенмен, ғаламтор, коммуникация адамныӊ өмір сүру ортасы ғана емес, оныӊ дағдыларын да, мәдениетін де, танымтүйсігін де өзгертіп бара жатқандай. Оныӊ саясатқа да, күнкөріске де, санаға да ықпалы күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Байқап отырсақ, бүкіл әлемде ешқандай партияға қосылмайтын, ешбір идеологияны қолдамайтын, ұлт алдындағы міндетін де мойындамайтын, тек дүниені ғана көздейтін осындай ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл дегеніміз, өзініӊ тарихын білмеген, ата-тегін білмеген, әдет-ғұрпын білмейтін ұрпақ қалыптастып келе жатыр деген сөз. Ал билік сондай ұрпаққа берілсе, келешегіміз не болады? Бұл мәселеге үлкен мән беру керек.

Тағы қайталап айтайын, мен жаӊалыққа қарсы емеспін, бірақ ол қоғамды жолынан тайдырып жібермеуі керек. Адам адами қасиетін, болмысын сақтап, қоғамныӊ қалыптасқан эволюциялық даму жолымен жүріп отырғаны абзал.

Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері

Дереккөзі: Алматы ақшамы газеті

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны