23.06.2006, 11:50 3059

Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығаруды ұсынады

АЛМАТЫ. 23-маусым. Kazakhstan Today. Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы (PPRC) жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығаруды ұсынады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Парламентке енгізу жоспарланып отырған жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасы толық дәйектелмеген, шикілеу. Біз оны бүкіл халық болып талқылау үшін БАҚ-тарда жариялау қажет деп санаймыз”,- деді бүгін аталмыш орталықтың директоры Меруерт Махмұтова “Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізуді құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету” атты бас қосу барысында.

Оның пікірінше, заң жобасын жасаушылар “жергілікті өзін-өзі басқару қандай деңгейде құрылады дегенді анық болжай алмай отыр”. “Изірге заң жобасында аудандар, ауылдар, елдімекендер, облыстық маңызы бар қалалар, тіпті квартал немесе ықшам ауданға дейінгі деңгейлер кең көлемде көрсетілген”,- деді М.Махмұтова. Оның пайымдауынша, “бұл аяға аса ауқымды мәселелер енеді. Ол бір жағынан заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуді, екінші жағынан осы қамтамасыздықтың еліміздегі нақты ахуалды ескерген мазмұнды болуын талап етеді”.

Сарапшының пікірінше, сонымен бірге, заң жобасында қаржылық негіздер айқындалмаған.

Бүгінгі бас қосу қорытындысы бойынша қатысушылар “Жергілікті өзін-өзі басқару туралы” заң жобасына қатысты нұсқауларды дайындамақшы.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, әділет министрлігі жобасын жасаған “Жергілікті өзін-өзі басқару туралы” заң жобасы Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс тобының талқысына ұсынылып, оны мемлекет басшысы тұжырымдамалық тұрғыда мақұлдаған.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны