09.10.2009, 17:28 3504

Көлік және коммуникация министрлігі жүргізушілердің еңбек және демалу режимін бұзушылығын қадағалауда

Көлік және коммуникация министрлігі жүргізушілердің еңбек және демалу режимін бұзушылығын қадағалауда

Астана. 9 қазан. Kazakhstan Today - Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті респбликалық "Тахограф" акциясын жүргізуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "2009 жылғы 5-31 қазан аралығында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті республикалық "Тахограф" акциясын жүргізуде. Акцияның мақсаты -автомобиль жолдарындағы жол апаттарын азайту, автокөлікпен жолаушыларды, қол жүгін және басқа жүктерді тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қоса автокөлік құралдарының жүргізушілерінің еңбек және демалу режимін бұзушылықты анықтау және алдын алу жөнінде ықпалды шаралар қолдану болып табылады".

Автомобиль көлігімен жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қауіпсіздігін талдау барысында жол-көлік оқиғаларының 20 пайызы, оның ішінде аса ауыр оқиғалары бар, еңбек және демалу режимін сақтамайтын жүргізушілер тарапынан болатыны анықталды. Бұл толығымен халықаралық тасымалдарға да қатысты.

2009 жылғы 9 айда еліміздің автомобиль жолдарында бес мыңнан астам апатқа жол берілген. Оларда 1045 адам қаза болған, 5089 адам түрлі жарақат алған. Автобустардың қатысуымен 195 жол апаты болған, соның салдарынан 31 адам опат болып, 243-і жарақаттанған.

Осылардың барлығы, оның үстіне тахографтарды қолданудың өзектігі аталған акцияны өткізуге себепші болды.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, өткен жылғы осындай шараны өткізу кезеңінде көліктік бақылау органдары 625 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартып, 3 млн 800 мың теңгеге айыппұл салынған болатын.

ҚР "Автомобиль көлігі туралы" заңының 9- бабына сәйкес қауіпті жүктерді, сонымен бірге жолаушыларды, қол жүгін және басқа жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдау, жолаушылар мен қол жүктерін халықаралық, облысаралық тұрақты және тұрақсыз тасымалдауға қатысатын автокөлік құралдары тексерілетін болады. Оның ішінде тасымалдаушылар мен автокөлік құралдарына жүргізушілердің еңбек және демалу режимін бақылайтын құрылғылармен (тахографтармен) жабдықталуы, сонымен бірге оларда диаграммалық дисктердің қоса болуы жөніндегі талаптардың орындалу барысы бақылауда болады.

"Еңбек және демалу режимінің сақталуының жолаушылар мен жүктерді тасымалдаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының және олардың салдарының азаюына әкелетіндігінің маңызын ескере отырып, көліктік бақылау комитеті профилактикалық шараларды тұрақты негізде жүргізуді жоспарлап отыр",- делінген хабарламада.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны