11.06.2020, 22:50 7733

Коммуналдық қызметтер тұтынушылары үшін техникалық шарттарды алу қағидалары туралы

Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу қызметі үшін ТМС-ға тікелей жүгінген кезде төлем алынбайды, алайда Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде тұтынушыдан осы қызметтерді көрсеткені үшін төлем алынатынын атап өту қажет.

Алматы. 11 маусым. Kazakhstan Today - Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 175 бұйрығымен бекітілген Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) бар, оларда коммуналдық қызметтерді тұтынушыларға техникалық шарттарды беру тәртібі көзделген.

Сонымен, Қағидаларға сәйкес техникалық шарттар деп тұтынушылардың реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тең қол жеткізу мақсатында электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сондай - ақ сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосу үшін қажетті техникалық талаптар түсініледі.

Техникалық шарттар табиғи монополия субъектісінің (бұдан әрі - ТМС) желілеріне қосылу (электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру) немесе реттелетін қызметтің көлемін ұлғайту үшін беріледі.

Құрылыс объектілерін ТМС желілеріне қосуға техникалық шарттарды беруді қоспағанда, техникалық шарттарды және оны қарау нәтижесін алу үшін сізге "электрондық үкімет" веб-порталы немесе ТМС кеңсесіне жүгіну қажет. Техникалық шарттарды алу үшін өтініш берген кезде өтінім нысан бойынша толтырылады және Қағидаларда көрсетілген тізбе бойынша тиісті құжаттар қоса беріледі.

Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу қызметі үшін ТМС-ға тікелей жүгінген кезде төлем алынбайды, алайда Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде тұтынушыдан осы қызметтерді көрсеткені үшін төлем алынатынын атап өту қажет.

Құрылыс объектілерін ТМС желілеріне қосуға техникалық шарттарды беруді қоспағанда, ТМС желілеріне қосуға немесе реттелетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды беруге Сіздің өтінішіңіз бес жұмыс күні ішінде қаралады.

Алайда, мемлекеттік корпорация арқылы техникалық шарттарды беруге өтініш берген кезде өтінішті қабылдау күні және оны қарау нәтижесін беру күні өтінішті қарау мерзіміне кірмейді, сол арқылы өтінішті қарау мерзімі ұлғаюы мүмкін, өйткені ТМС қарау мерзімі ТМС өтініш келіп түскен күннен басталады және Мемлекеттік корпорацияның нәтижені берген күнін қамтымайды.

Сіздің өтінішіңізді қарау қорытындысы бойынша ТМС келесі шешімдердің бірін қабылдайды:

1) техникалық шарттарды береді;

2) техникалық шарттарды беруден бас тартады.

Бас тарту үшін негіз бола алады:

1) реттелетін қызметтің талап етілетін көлемін ұсыну үшін қажетті табиғи монополия субъектісі желілерінің бос және қол жетімді қуаттарының, сыйымдылықтарының, орындарының, өткізу қабілетінің болмауы;

2) табиғи монополия субъектісі желілерінің немесе реттелетін қызметті ұсыну үшін қажетті өзге де мүліктің болмауы.

Бұдан басқа, Департамент ТМС ресми сайттарында (қуаттылығы аз ТМС қоспағанда) тұтынушыларды хабардар ету мақсатында ТМС ақпаратын өзектендіру бойынша жұмыстарға жүйелі түрде талдау жүргізетінін қосымша хабарлаймыз: резерв, бос және қол жетімді қуаттардың, сыйымдылықтардың, орындардың, табиғи монополия субъектісі желілерінің өткізу қабілетінің болуы, реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде пайдаланылатын желілерді немесе өзге де мүлікті орналастыру схемалары туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалу барысы туралы ақпарат, табиғи монополия субъектісінің, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік құпияларға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын өзге де құпия болып табылады. Сондай-ақ реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну бойынша ТМС қызметі, оның ішінде өзінің интернет-ресурстары жоқ субъектілер туралы қосымша ақпарат Комитеттің жалпы қолжетімді сайтында орналастырылған.

Тұтастай алғанда, электрмен жабдықтау желілерін қоспағанда, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосу мынадай кезеңдерден тұрады:

1) техникалық шарттарды беру туралы өтініш беру;

2) табиғи монополия субъектісінің өтінішті қоса берілетін құжаттардың толықтығын қарауы;

3) табиғи монополия субъектісінің тұтынушының техникалық шарттарды беру туралы өтінішін қарауы;

4) табиғи монополия субъектісінің техникалық шарттарды беруі;

5) тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуды қоспағанда, техникалық шарттарға сәйкес құрылыс жобасын әзірлеуі;

6) сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуды қоспағанда, құрылыс жобасын табиғи монополия субъектісімен оның берілген техникалық шарттарға сәйкестігі тұрғысынан келісу;

7) сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуды қоспағанда, тұтынушының келісілген құрылыс жобасына сәйкес жұмыстарды жүргізуі;

8) қызметке қосылу.

"Табиғи монополиялар туралы" Заңның 24-бабының 10-тармағында реттелетін қызметтерге қол жеткізуді ұсыну кезінде ТМС бірқатар шектеулерді сақтауы тиіс екендігіне назар аудару қажет. Заңда көзделген шектеулерді ТМС-нің сақтамауы Сіздің құқықтарыңыз бен заңды мүдделеріңіздің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Департамент бұзылған құқықтарды қорғау мақсатында әрекет ету шараларын қабылдайтындықтан, Сіз жоғарыда аталған нормаларды бұзушылық жағдайлары туындаған кезінде растайтын құжаттарды қоса бере отырып жүгінуге құқылысыз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің бас маманы, Ж.Б. Атамбозова

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны