04.04.2008, 19:11 3107

Компанияның өндірістік және стратегиялық жоспарлары өз күшінде қала береді - "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының басшысы

Компанияның өндірістік және стратегиялық жоспарлары өз күшінде қала береді - "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының басшысы

Астана. 4 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ жаңадан тағайындалған президенті Асқар Мамин компания менеджментімен жиналыс өткізді. Оның барысында ол компанияның өндірістік және стратегиялық жоспарлары өз күшінде қалатынын жариялады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі "Қазақстан темір жолы" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

"Біздің мақсатымыз - Қазақстан Республикасының үкіметі бекіткен жоспарларды жүзеге асыруды жалғастыру болып табылады. Оның ішінде 2008 - 2012 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында 5 жыл көлемінде осы салаға 680 млрд теңге тарту да бар", - деп атап көрсетті темір жол саласының жаңа басшысы.

Ол ұлттық компания қазіргі уақытта бірқатар маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқанын еске салды. Олардың қатарында қазіргі инфрақұрылымды модернизациялау және негізгі құралдарды жаңарту бар.

Естеріңізге сала кетсек, 43 жастағы Асқар Мамин "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы АҚ президенті болып "Самұрық" холдингі" АҚ компаниясының басқармасының шешімімен тағайындалған болатын.

Асқар Мамин 1965 жылы Целиноград (қазіргі Астанада) туған. Целиноград инженерлік- құрылыс институтын, Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын бітірген. Инженер-құрылысшы, экономист.

Еңбек жолын "Целинтяжстрой" тресінің құрастырушысы болып бастады. Кейіннен кәсіпкерлікпен шұғылданды. Ақмола арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары болды.

Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі, нндустрия және сауда бірінші вице-министрі болып тағайындалды.

2005 жылғы тамыздан бастап Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар министрі болды. 2006 жылдың қыркүйегінде АСтана қаласының әкімі болып тағайындалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны