23.06.2009, 13:58 1694

Конституциялық кеңестің қорытынды шешімдерінің кейбір позициялары әлі күнге дейін заң жүзінде іске асырылмай отыр - Рогов

Конституциялық кеңестің қорытынды шешімдерінің кейбір позициялары әлі күнге дейін заң жүзінде іске асырылмай отыр - Рогов

Астана. 23 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Конституциялық кеңестің қорытынды шешімдерінің кейбір позициялары әлі күнге дейін заң жүзінде іске асырылмай отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы парламенті палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдаумен сөйлеген сөзінде мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

Конституциялық кеңес төрағасы өз сөзінде, Негізгі заңда баянды етілген конституциялық құндылықтар және 2007 жылғы конституциялық реформа қағидалары жүзеге асырылуын заңнамалық тұрғыдан одан әрі қамтамасыз ету, қолданыстағы құқық пен оның жекелеген институттарын дамыту, құқық қолдану практикасын жетілдіру, сондай-ақ қоғамдық құрылысты, кең ауқымды қаржылық дағдарыс жағдайында қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарының әлеуметтік кепілдіктерін нығайту мемлекет қызметінің осы саладағы басты бағыттары болғанын атап көрсетті.

Бұдан бұрынғы жолдау Қазақстан Республикасының парламентіне жіберілген сәттен (2008 жылғы 23 маусым № 09-6/1) бергі кезең ішінде Конституциялық кеңес Республика президентінің, парламент сенаты төрағасының, премьер-министрінің және соттарының өтініштерін қарап, олардың бірқатары үлкен қоғамдық пікір туғызды.

Мәселен, Республика президентінің өтініші бойынша, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" парламент қабылдаған заң конституциялық емес деп танылды. Мемлекеттік органдардың ұйымдастырылуы мен қызметі мәселелері бойынша Конституция нормаларына ресми түсіндірме берілді. Республика президентінің сұратуы бойынша Республикадағы тіл туралы конституциялық ережелердің жүзеге асырылуы аясындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпарат ұсынылды.

Конституциялық кеңестің жолдауында Конституциялық кеңестің нормативтік қаулыларын, сондай-ақ бұдан бұрынғы жолдауларындағы ұсыныстарын мемлекеттік органдардың орындау процесіне оң баға берілді.

Сонымен бірге, төраға И.И.Рогов Конституциялық кеңестің әлі күнге дейін заң жүзінде іске асырылмай отырған қорытынды шешімдерінің кейбір позицияларына назар аударды.

"Мемлекеттік функция" және "мемлекет көрсететін қызмет" ұғымдарының заңнамалық жолмен ара-жігі ажыратылуы, мемлекеттік органдар функцияларының тізбесі мен өзге де мәселелердің заңдарда бекітілуі көзделген 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 Нормативтік қаулы толық көлемінде жүзеге асырылмады. Конституциялық іс жүргізу барысында, заңдарды қабылдау кезінде заң техникасы талаптарын сақтамау, заңның қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сәйкес болмау, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге Конституция жол беретін мақсаттарды заңсыз кеңейту фактілері анықталды.

Конституциялық Кеңес, елдегі конституциялық заңдылықты нығайту жолында нақты бағытталған кешенді жұмыс жүргізілуі қажет екенін атап көрсетті. Бұл жұмыс мынадай бағыттарды қамтуға тиіс:

- қабылданған актілердің ынталандыру күшін соңынан жүзеге асыра отырып, конституциялық құндылықтарды, қоғам дамуының заманауи үрдістерін, қолданыстағы құқық жүйесінің дамуын заңдарда сапалы түрде нақты көрсету;

- Қазақстан Республикасы ратификациялаған адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық актілерді жүзеге асыру, ұлттық заңнама мен халықаралық актілер арасындағы қайшылықтарды жою, соның ішінде, тиімді құқықтық мониторинг орнату арқылы жою жөніндегі шаралар жүйесін құрастыру;

- сотқа дейінгі іс жүргізуде тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы соттың ролін одан әрі жоғарылату;

- барлық мемлекеттік органдардың құқықты түсіндіру және құқықтық тәрбие жұмыстарын үнемі жүргізіп отыруы.

Конституциялық кеңес, өзінің ұйғарымдары мен ұсыныстары барлық мемлекеттік органдардың норма шығармашылығы және құқық қолдану қызметінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасының жобасы әзірленген кезде ескеріледі деп пайымдайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны