30.06.2006, 16:32 7070

Қоршаған ортаны қорғау министрі Алматыдағы ағаш отау деректерін тексеруге тапсырма берді

Қоршаған ортаны қорғау министрі Алматыдағы ағаш отау деректерін тексеруге тапсырма берді

АЛМАТЫ. 30-маусым. Kazakhstan Today. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов бағынышты мекемелерге Алматы аумағында ағаш отау деректерін тексеруге тапсырма берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Мен бүгін біздің аумақтық басқарманың басшылығына аталған заң бұзушылықтардың мән-жайын анықтауды тапсырдым”,- деп мәлімдеді министр журналистердің қала аумағында, соның ішінде Бутаковка шатқалындағы ағаш отау
деректеріне түсініктеме беру туралы өтінішіне берген жауабында.

“Ұлттық саябақ аумағындағы кез-келген ағаш кесу немесе құрылыс салу дерегі мұқият тексеріледі”,- деп сендірді министр. “Министрлік тарапынан қатаң шара қолданылады. Мекеме заң шеңберінде әрекет ететін болады”,- деді ол.
Министр аумақтық мекемелердің ағаш кесу деректеріне қатысты тексерулеріне қатысты мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарына таяу уақыттарда хабарлауға уәде берді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Бутаковка шатқалында ағаштарды кесу және жекежайлар салу жұмыстары жүргізілуде. Қала жұртшылығы осыған байланысты ұлттық саябақ аумағындағы жасыл желекті жоюға қарсылық білдірген. Атап айтсақ, “Табиғат” экологиялық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов ұлттық табиғи саябақ аумағына құрылыс салушыларды сотқа беру ниетін мәлім етті. Оның пайымдауынша, құрылыс салушылар “Ерекше қорғаудағы табиғи аумақтар туралы” заңды бұзуда.

Ал кеше еліміздің қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Зейнолла Сәрсенбаев құрылыс салушылар ағаш кесу және сарайлар салу жөніндегі рұқсатты жергілікті атқарушы билік органдарынан алған шығар деген жорамал айтқан болатын. Алайда ол жағдайдың мән-жайын анықтап, заң бұзушылықтарды жоюға шаралар қодануға уәде берді.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны