18.08.2006, 14:49 3209

Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мұнай кеніштерін игеруге байланысты Каспий теңізінде тағы да экологиялық апат болу мүмкіндігін ескертеді

АСТАНА. 18-тамыз. Kazakhstan Today. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мұнай кеніштерін игеруге байланысты Каспий теңізінде тағы да экологиялық апат болу мүмкіндігін ескертеді. Бұл туралы еліміздің қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов бүгін журналистерге берген сұхбатында атап көрсетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігінің орташа тереңдігі 6 метрді құрайды. Ондағы көптеген платформалар мен бұрғылар тереңдігі 2 метрден аспайтын жерде тұр. Ал солтүстік бөлікте кез-келген апат пен мұнай төгілудің қаупі үлкен",- деп мәлімдеді Н.Ысқақов.

Ол осы орайда Қазақстанның қазір апаттың зардаптарын тез жоя алмайтынын атап өтті.

"Бүгінде егер Каспий теңізінде үлкен апат бола қалса, оның залал-зардаптарын жоюға біз қаншалықты дайынбыз дегенге ешкім де жауап бере алмайды. Бір ғана ұңғыдан мұнай аққанда, бірнеше шақырымдық мұнай пленкасы түзіліп, әбігерге салғаны естеріңізде болар? Егер біз бір ғана ұңғыдан аққан мұнай қабыршағын жоя алмайтын болсақ, ауқымды апаттар туралы айтудың өзі қорқынышты",- деп пайымдайды министр.

Ол теңізге қалдық тастауға берілген рұқсатты алып тастағанын еске салды. "Біздің министрлік қазір Каспий теңізіне мүлдем қалдық тастамау ұстынымына бағынып отыр",- деді ол.

Осыған байланысты министр, Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін мұнай құбырын тарту мәселесін қараған кезде "жоба егер нормаларға, Каспий теңізіне қатысты қауіп-қатерлер мен тәуекелдерге сай келмей жатса, онда біз үзілді-кесілді көзқарас ұстанатын боламыз", деп атап өтті.

Н.Ысқақовтың хабарлауынша, қоршаған ортаны қорғау сапасы мен тұрақтандыру жөніндегі мекемеаралық комиссияның отырысы 12-қыркүйекке межеленген, онда Каспий теңізіндегі экологияға қатысты мәселе талқыланады. "Біз Каспий теңізіне қатысты мәселені ғалымдар, барлық министрліктер мен мекемелерді шақыра отырып кеңінен көтеруге шешім қабылдадық. Біз тіпті Есеп комитетімен бірлесіп Каспий теңізіне қатысты экологиялық бағдарламаларға бөлінетін қаржының пайдаланылу тиімділігіне тексеру жүргізбекшіміз",- деді министр.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны