30.11.2007, 10:50 3157

ҚР Адам құқықтары жөніндегі комиссия парламентке Гаага конвенциясын бекітуді ұсынып отыр

ҚР Адам құқықтары жөніндегі комиссия парламентке Гаага конвенциясын бекітуді ұсынып отыр

Астана. 30-қараша. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия парламентке Балаларды қорғау және халықаралық бала асырап алуға қатысты ынтымақтасу туралы конвенцияны бекітуді ұсынып отыр. Бұл туралы кеше өткен комиссияның сараптамалық-консультативтік кеңесінің отырысы барысында мәлім болды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Конвенцияға қосылу және оны бекіту халықаралық бала асырап алу, шетелдік бала асырап алу ісінде балалардың құқын қорғау мәселелерін реттеудегі Қазақстан мен өзге де мемлекеттердің күшін біріктіруге ықпал ететін болады", - деп хабарлады отырыста.

"Гаага конвенциясын бекіту халықаралық бала асырап алуды ұлғайтуды емес, қайта мұндай бала асырап алу ісін қадағалауды және алып кеткен балаларды бақылауға алуды қарастырады", - деп түсіндірді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Раиса Шер.

"Біздің заңнамаға сәйкес, бала асырап алу ісінде Қазақстан азаматтарына басымдық беріледі... Ал бізде халықаралық бала асырап алу басым деп айту шындыққа жанаспайды", - деп сөзін жалғастырды Р. Шер.

Оның ақпаратына сүйенсек, 9 жыл ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары 22 334 бала, республика аумағынан тысқары жердегі баланың туысқандары 369 бала, шетел азаматтары 6,5 мың бала асырап алған.

Р. Шердің айтуынша, қазір Қазақстанда 48,6 мың бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Олардың 29 мыңнан астамы отбасыларда тұрады. Олар республика азаматтарының уақытша қамқорлығына алынған. Оның ішінде 1821 бала патронаттық асырауға берілген. 17 мыңнан астам жетім бала мемлекеттік мекемелерде тұрып жатыр.

1993 жылың 29-мамырында Гаага қаласында қол қойылған Балаларды қорғау және бала асырап алудағы ынтымақтастық туралы конвенция БҰҰ-ның Бала құқы туралы конвенциясының және БҰҰ-ның әлеуметтік және құқықтық қағидалар туралы декларациясының негізінде қабылданған.

"Балаларды қорғау және шетелдік бала асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының қосылуы және бекітуі туралы" заң жобасы өткен жылы жасалып парламент қарауына жіберілген болатын. Алайда құжатты қабылдау кейінге шегерілген.

Депутаттардың ойынша, конвенцияны тек ұлттық заңнамаға асырап алынған баланың және оның биологиялық ата-анасының құқын қорғайтын өзгерістер енгізілген соң ғана қабылдауға болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны