11.11.2015, 20:34 3974

ҚР ДСИДМ-де 2015 жылдыӊ 9 айындағы денсаулық сақтау жүйесініӊ қызметі қорытындыланды

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованыӊ басшылығымен ҚР ДСИДМ-де ағымдағы жылдыӊ 9 айындағы денсаулық сақтау жүйесі қызметініӊ қорытындысы бойынша алқа мәжілісі өтті

Астана. 11 қараша. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованыӊ басшылығымен ҚР ДСИДМ-де ағымдағы жылдыӊ 9 айындағы денсаулық сақтау жүйесі қызметініӊ қорытындысы бойынша алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Шараға Вице-министр Алексей Цой, Жауапты хатшы Аида Құрманғалиева, комитет басшылары, министрліктіӊ құрылымдық бөлімшелерініӊ және ведомствоға бағынысты ұйымдардыӊ басшылары, бейнебайланыс режимінде - облыстық денсаулық сақтау басқармаларыныӊ басшылары, сондай-ақ ҚР ДСИДМ комитеттері аймақтық департаменттерініӊ диеректорлары қатысты.

Алқа мәжілісін ашқан Министр медициналық-санитарлық алғашқы көмекті жетілдіру мен аурулардыӊ алдын алуға бағытталған отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бар күш-жігерді салу керектігін атап айтты.

Ағымдағы жылдыӊ 9 айындағы денсаулық сақтау саласы қызметініӊ қорытындысы туралы ҚР ДСИДМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментініӊ өкілдері баяндады. Сонымен, 2015 жылдыӊ 9 айындағы ана өлімініӊ көрсеткіші тірі туған 100 мыӊ адамға шаққанда 11-ді құрады. Бұл 2014 жылғы сәйкес кезеӊмен салыстырғанда 6,7%-ге төмен болып отыр (11,8). Сәби өлімі 6,7%-ға төмендеп, 2015 жылдыӊ 9 айыныӊ қорытындысы бойынша 100 мыӊ туылғандарға шаққанда 9,5-ті құрады (2014 жылдыӊ 9 айында - 9,9). Туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 100 мыӊ тұрғынға шаққанда 59,7-ні құрап отыр, 2014 жылдыӊ 9 айында 67,3 болған болатын (11,3%-ға төмендеді). Туберкулезден болатын өлім-жітім 21,2%-ға төмендеп, 100 мыӊ адамға шаққанда 3,5-ті құрады, 2014 жылғы сәйкес кезеӊдегі көрсеткіш 4,4 болатын. Қатерлі ісік ауруларынан болған өлім-жітім 100 мыӊ тұрғынға шаққанда 86,2-ні құрады, 2014 жылдыӊ сәйкес кезеӊіндегі 9 айда 100 мыӊ тұрғынға шаққанда 89,8 болған. Қан айналым жүйесініӊ ауру көрсеткіші 100 мыӊ тұрғынға шаққанда 2207,9-дан 2071,2-ге немесе 9%-ға төмендеді Жарақаттану мен уланудан болған өлім 2,6%-ға қысқарып, 100 мыӊ тұрғынға шаққанда 89,9-дан 86,5-ке азайды.

ҚР ДСИДМ-ге бағынысты ұйымдардыӊ басшылары мен облыстық денсаулық сақтау басқармалары басшыларыныӊ атқарылған жұмыстар туралы есебін талқылай келе, Тамара Дүйсенова ана өлімі мәселесіне ерекше назар аударды.

"Барлығымызға жүктілікке қарсы көрсеткіші бар әйедердіӊ жағдайына назар аударуымыз қажет. Босану кезінде қиындықтардыӊ туындамауы үшін отбасын құруды жоспарлау мәселесінде өте мұқият болу керек. Егер жүктілікке қарсы көрсеткіштер бар болса, алдымен әйелді емдеу керек, содан соӊ медициналық-санитарлық алғашқы көмек деӊгейінен бастап, босанған кездегі және одан кейінгі орталықтағы жүктілік мерзімін жіті қадағалау қажет. Босандыру қызметініӊ жұмысына қойылар талап қатаӊ болмақ", - деді ол.

Сонымен қатар, Министр ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудыӊ 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" жаӊа мемлекеттік бағдарламасы аясында медициналық қызметкерлер алдында 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасы тұрғындарыныӊ өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту міндеті тұрғанын айтты.

"Оны жүзеге асыру үшін кешенді және жүйелі іс-шараларды қарастыру қажет. Сондықтан, жыл аяғына дейін әлеуметтік маӊызы бар, жұқпалы емес аурулар мен елдіӊ демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар аурулар: миокардтыӊ жіті инфаркті, мидағы қан айналымыныӊ ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша арнайы іс-шаралар алгоритмін жасауды тапсырамын. 1 қаӊтардан бастап жұмысты осы алгоритмдерді қолдана отырып жалғастыратын боламыз", - деді жиын соӊында Тамара Дүйсенова.

Министрдіӊ тапсырмасы бойынша жоғарыда аталған іс-шаралар жоспарын жасау үшін ҚР ДСИДМ, ведомствоға бағынысты ұйымдар мен республика аймақтарындағы денсаулық сақтау басқармаларыныӊ мамандарынан тұратын бірнеше жұмыс топтары құрылды.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қыметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны