12.04.2007, 18:26 3732

ҚР Конституциялық кеңесі алқа билер сотының жұмыс істеуіне қатысты Ата заң нормаларына бір аптадан кейін түсініктеме береді

АСТАНА. 12-сәуір. Kazakhstan Today. ҚР Конституциялық кеңесі парламенттің бір топ депутаттарының өтініші бойынша алқа билер сотының жұмыс істеуіне қатысты Ата заң нормаларына шамамен бір аптадан кейін түсініктеме береді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қаралған мәселе жеткілікті деңгейде айқындалды, кеңес қорытынды шешім шығару үшін кеңес бөлмесіне кетті.. Өтініште қойылған сауалдардың көптігін ескере отырып біздің осы аптаның аяғына дейін шешім шығара алатындығымызға күмән келтіремін. Шешім келесі аптада жарияланатын шығар",- деді бүгін Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов органның отырысында.

Осы орайда еске сала кетсек, ҚР Конституциялық кеңесі 19-наурызда парламент депутаттарының өтінішін қарауға қабылдаған. Депутаттар тергеуші азаматқа өзіне қатысты істі алқа билердің қатысуымен өтетін сотта қарау жөнінде өтініш бере алу құқығы бар екенін осындай құқық беретін заң күшіне енгенімен әлі де қолданыла қоймаған сәтте түсіндіруге міндетті ме еді деген сауал қызықтырған.

Бұл жерде Алматы қалалық сотының "Шаңырақ" және "Шаңырақ-1" ықшамаудандарында болған тәртіпсіздіктердің салдарынан тәртіп сақшысының өлтірілуіне байланысты қылмыстық іс бойынша айыпталғандарға қатысты қылмыстық істі алқа билердің қатысуымен қарау туралы өтінішті қабылдамай тастауы туралы сөз болып отыр.

Бүгін Конституциялық кеңестің отырысында әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетовтың берген түсініктемесіне сәйкес, президенттің заңға қол қоюы "нормативтік актінің республиканың құқықтық базасына қамтылғандығын білдіреді", дейтұрғанмен, "құжат тек қолданысқа енгізілгеннен кейін ғана құқықтық қуатқа ие болады". Атап айтсақ, "Алқа билер туралы " заңға Елбасы 2006-жылдың қаңтарында қол қойды. Ал алқа билер сотының институты қылмыстық сот өндірісі тәжірибесіне 2007-жылдың 1-қаңтарынан бастап қана енгізілді.

"Осы тұрғыдан алғанда тергеушіде айыпталушыға оған қатысты қылмыстық істі алқа билердің қатысуымен өтетін сотта қарау мүмкіндігін таңдау туралы сауал қоюға құқығы болмаған. Өйткені, осындай сауалдарды тек қолданыстағы заңнаманың аясында ғана қоюға болады, ал тергеу іс-әрекеттері аяқталған тұста заң әлі күшіне енген жоқ болатын",- деп санайды вице-министр.

Ал ҚР Конституциялық кеңесіне жүгінген жақ өтінішті қабылдамай тастаған судьяның іс-әрекеттерінен Конституцияны теріс түсіндіру белгісін көреді. "Егер Конституциялық кеңес осы жағдайда сотталушының еркі бұзылғанын растаса, онда біз осындай түсініктемемен сотқа барамыз",- деді айыпкердің адвокаты Асылбек Қожахметов. Егер Конституциялық сот шағым берген жақтың пайдасына шешім қабылдаған жағдайда "бұл алдын-ала тергеу 2006-жылы, ал сот мәжілістері 2007-жылы басталған осы тектес барлық "ауыр" қылмыстар үшін прецедент болады", деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны