02.08.2016, 20:24 4046

ҚР Қорғаныс министрі Қазақстанда өтетін Армия халықаралық ойындарыныӊ шымылдығын түрді

2 тамызда "Гвардейск" полигонында Армия халықаралық ойындары - 2016 сайысыныӊ салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан өз жерінде армия ойындарын алғаш рет өткізуде. Ойын бағдарламасы секілді ашылу рәсімі де көзтартар және бірегей

Астана. 2 тамыз. Kazakhstan Today - Бүгін, 2 тамызда "Гвардейск" полигонында Армия халықаралық ойындары - 2016 сайысыныӊ салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан өз жерінде армия ойындарын алғаш рет өткізуде. Ойын бағдарламасы секілді ашылу рәсімі де көзтартар және бірегей, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

ҚР Қорғаныс министрлігі оркестрініӊ салтанатты маршымен АрМИ-2016 додасыныӊ туы көтерілді. Қазақстан Республикасыныӊ Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов жарыстыӊ ресми басталуыныӊ шымылдығын түрді. "Армия ойындарыныӊ өткізілу ауқымын кеӊейтетін алғашқы болғанымызға қуаныштымыз. Сайыс пішімінде өз армиясы артиллериясыныӊ үздік өкілдері мен мергендік оқ ату шеберлері баға жетпес тәжірибелерімен бөлісіп және иық тіресе додаға түсіп, достық қарым-қатынастарын нығайтып, сондай-ақ, әскери ынтымақтастықты дамыту жөніндегі әрі қарайғы жоспарды белгілеп қоятындарына кәміл сенімдімін. Сіздерге адал және ымырасыз күрес, дәйекті төрешілік, жақсылық және бейбітшілік тілеймін!", - деп қатысушыларға ізгі лебізін білдірді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Ойынныӊ ашылу бағдарламасыныӊ өзгешелігі театрландырылған қойылым болды. Би ұжымдары, актерлар, атты-каскадерлік топ пен әскери қызметшілердіӊ орындауындағы қойылым қазақ атқыштарыныӊ пайда болу тарихы мен мән-мағынасы туралы сыр шертті. Ғаламатты ашылу рәсімі қазақстандық десантшылардыӊ әуедегі шоуымен жалғасын тапты. Ал шетелдік қонақтар мен қатысушыларды Ұлы дала елімен таныстыру үшін полигонныӊ аумағында дәстүрлі тұрмыс, қолданбалы өнер және ұлттық дәмнен ауыз тиюге болатын нағыз этноауыл өрістетілді.

АрМИ-2016 шеӊберіндегі "Артиллериялық оқ ату шеберлері" және "Мерген шебі" ірі сайыстары Қазақстанда тамыздыӊ 2-і мен 9-ы аралығында өтеді. Жарысқа қатысу үшін елімізге 12 елден командалар келді. "Мерген шебі" байқауында Қазақстан, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Зимбабве, Үндістан, Иран, Моӊғолия, Грекия, Арменияныӊ әскери қызметшілері өнер көрсетеді. Үздіктер атағы үшін бақ сынасудағы артиллерияшылардыӊ сайысында Қазақстан, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай және Ресейдіӊ өкілдері бәсекеге түседі. Жалпы алғанда, екі байқауға 278 адам қатысады. Яғни, 32 қазақстандық әскери қызметші және 246 шетелдік қатысушы.

Армия халықаралық ойындары халықаралық ынтымақтастықтыӊ, тәжірибе алмасудыӊ, бейбітшілік пен ниеттестік кепілініӊ жаӊа символына айналды. Бұл дода екінші мәрте өткізілгелі тұр. Алайда, тыӊ сапалы және сандық деӊгейге шығып отыр. Биылғы жылы ойын 3 000-нан аса әскери қызметшініӊ, 20 мемлекеттен, яки, Азия, Еуропа, Африка мен Латын Американыӊ 120-ға жуық армия командаларыныӊ басын біріктірді. Далалық, әуе және теӊіз машығы бойынша 23 байқау бір уақытта Ресей мен Қазақстанныӊ 20 әскери полигонында өтуде және Балтық, Қара және Каспий теӊіздерініӊ су айдындарында өрістетілуде.

Келесі жылы Армия халықаралық ойындары бағдарламаларыныӊ ауқымы ұлғаяды. Қазақстандағы АрМИ ойындарыныӊ тыӊ жаӊа жарыстары қосылады. Бұл броньдалған автомашиналардағы ралли және әйел әскери қызметшілер арасындағы көпсайыс.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны