13.12.2013, 21:51 16954

ҚР Президенті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлеріне мемлекеттік сыйлықтарды табыс етті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын, Ғылым мен техника саласындағы 2013 жылғы мемлекеттік сыйлықты, сондай-ақ "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын тапсырды, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы. 13 желтоқсан. Kazakhstan today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын, Ғылым мен техника саласындағы 2013 жылғы мемлекеттік сыйлықты, сондай-ақ "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын тапсырды, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Рәсімге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы баршаны еліміздің ең басты мерекесі - Тәуелсіздік Күнімен құттықтады", - делінген хабарламада.

"Осынау маңызды күн қарсаңында, қалыптасқан дәстүр бойынша, біз өз еңбектерімен ерекшеленген азаматтарды марапаттау рәсімін өткіземіз. Бұл дәстүрдің мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік наградаларға еліміздің дамуына елеулі үлесін қосқандар ие болады. Демек, бұл - жекелеген азаматтардың емес, бүкіл халықтың еңбегінің бағалануы", - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік пен тыныштықты өзінің ең басты байлығы санайтын еліміз үшін Парламент Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын бекіткенін атап өтті.

"Биылғы жылы құрметті награда біздің танымал отандасымыз, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменовке беріледі. Ол еліміздің мәдени-рухани дамуына, халықаралық ынтымақтастыққа зор үлес қосты. Тәуелсіздігіміздің барлық кезеңінде ол халық бірлігін қолдады, шетелдерде қызмет атқара жүріп Қазақстандағы келісімнің үлгісі жайлы айтты. Олжас Сүлейменовтің басқаруымен "Невада-Семей" қозғалысы ядролық полигонды жабу ісіне маңызды үлес қосты", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгін тағы бірқатар азаматтарға Ғылым және техника саласындағы 2013 жылғы мемлекеттік сыйлық тапсырылатынын айтты.

"Марапаттау - Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге өз үлесін қосқан ғалымдар қызметін лайықты бағалау. Наградаға әлемдік деңгейдегі математикалық проблемалар шешімін ұсынған Тынысбек Кәлменовтің еңбегі лайық деп танылды. Сондай-ақ, мемлекеттік сыйлық қазіргі медицинаға озық технологияларды енгізген Серік Ақшолақов басқаратын Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының ұжымына беріледі. Олар денсаулық саласын дамытудың және кәсіби шеберліктерін арттырудың арқасында көптеген азаматтың өмірін арашалап қалды. Сонымен қатар, картографиялау саласында маңызды нәтижелерге қол жеткізген бір топ географ ғалымдар марапатталады. Олардың еңбегінің арқасында еліміздің тамаша атлас карталары жасалды", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Рәсім соңында Мемлекет басшысы лауреаттарға сөзін арнай отырып, оларды наградаларымен тағы да құттықтап, елімізді дамыту жолындағы қажырды еңбектері үшін алғысын айтты және бұдан кейін де жемісті әрі табысты қызмет етулерін тіледі.

"Мен қазір лауреаттардың тек бір тобына ғана награда тапсырдым, ал бүкіл еліміз бойынша жоғары атаққа лайықты басқа да азаматтар менің атымнан марапатталатын болады. Сіздермен бірге барлығын еңбек сіңіріп алған мемлекеттік наградаларымен және сыйлықтарымен құттықтаймын. Бүгінгі күні ел алдындағы қызметі мен қажырлы еңбегі үшін бүкіл республика бойынша бір жарым мыңнан астам қазақстандық ордендермен және медальдармен марапатталды. Қазақстанның тәуелсіздіктің 22 жылы ішінде қол жеткізген барлық табыстары мен жетістіктері барша қазақстандықтардың қызметіне негізделеді, өйткені әркім өзінің жұмысы бөлігінде республиканы дамытуға бір түйір болса да үлесін қосты. Біздегі ішкі тұрақтылық, төзімділік, түсініктік пен достық елімізді дамыту үшін жаhандық және мызғымайтын мәнге ие. Сондықтан біз ең үздік деген қазақстандықтардың еңбегін бағаладық деп ойлаймын. Сіздер Отанымыздың - Қазақстан Республикасының даңқын шығара отырып, басқаларға үлгі көрсетесіздер деп сенемін", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны