11.05.2007, 19:57 3021

КТК бақылаушылары кеңесі мүшелерінің мәлімдемесі

Кейінгі сағаттарда бізге мынадай сауалды жиі қоятын болды: не болып жатыр өзі?

Осыған байланысты өз жорамалымызбен бөлісетін уақыт жетті деп санаймыз.

Бүгін біз байқап отыған жайт - жанталасқа жатады. Сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батып, шектеусіз өзім білемдік пен жазадан жалтарып кетушіліктен есі кете масайған жүйенің жанталасы. Өзінің бір ғана парызы - азаматтар мен заңды қорғауды жадынан шығарып алған жүйенің арпалысы. Өз халқынан асқақтап кеткен жүйенің жанталасы.

Өтіріктің ең соңғы мысалы мынау : бетперде киген белгісіз біреулер тапа-тал түсте оншақты куәгердің көзінше адамды ұрлап, оның көлігін айдап әкетеді. Артынан ол полиция бөлімшесінен табылады, қолданыстағы барлық нормаларды бұза отырып жүргізілген жауап алудан кейін ол жан сақтау бөлімінен бірақ шығады. Ең қорқыныштысы сол, бұл оқиғаға ешкім де таңданбайтын болды. Бұл еліміздегі кәдуілгі оқиғаға айналды.

Дүниежүзінде қарақшылық жолмен адам ұрлауды қарақшылықпен адам ұрлау деп атайды. Ал Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі оны "жауап алуға шақыру" деп атап отыр.

Не себепті КТК таңдалды? Бұған жауап айқын. Өйткені ол болып жатқан бассыздықтар мен озбырлықты турашылдықпен бетке айтатын жалғыз телекомпания. Погон таққандардың қолымен жасалатын қылмыстардың шектеусіз тізбегі, кісі өлтіру оқиғалары, полиция бөлімшелеріндегі қинаулар, рэкет, меншікті бөлісу мен қайта бөлісуге атсалысу қызметі - осындай оқиғалардың бәрін де сіздер осы телекомпанияның жаңалықтарынан естіп білесіздер. Оны қорқытып үркіту де, сатып алу да мүмкін болмады. Сол себепті оның үнін өшіру қажет болды.

Не себепті дәл осы күндері? Жауап тағы да айқын. Бәр құпияның беті бір күні ашылады. Алматыда басталған қаржылық қитұрқылықтарды ұйымдастырушылардың ісі бойынша процесте барлық былықшылықтың беті ашылғалы тұр: полицияның жоғарғы шен иелерінің қаржылық қитұрқылықтарға қатысу жағдайлары да, қылмыстық схемаларды бүркемелеп келгендер мен оларды ұйымдастырушыларды жауапкершіліктен жалтартып келгендердің аты-жөні анықталайын деп тұр. Бір басы полиция фуражкасын, екіншісі - қарақшының қалпағын киген осынау кеспірсіз сиам егізі қоғам алдында өз бет-бейнесін ашады.

Ал егіздің оған еш құлқы жоқ. Сол себепті де ол суға кеткен тал қармайдының кебін киіп аласапыран арпалысқа көшті.

Қолданатын әдістері де жақсы таныс. Алдымен бақылауындағы арандатушының газетсымағында жалған хабар таратылып, артынан "маски-шоу" басталады.

Ал маски-шоудың уақыты өткелі қашан. Бетперде жұлынған сәтте оның арғы жағынан таныс түрлерді көреміз.

Сіздер жоғалып кеткен алаяқты іздеп жатырмыз дегенді алға тартасыздар ма? Ал сіздер оны жоғары шенді сыбайластарының тиын-тебеннен тұратын жалақысына сатып алынған виллалар мен алпауыт жер иеліктерінен іздеп көріңіздер. Ол сол маңайдан тез табылатын шығар. Ал КТК телеарнасы ол туралы "Кешкі жаңалықтарында" хабарлайтын болады.

КТК бақылаушылары кеңесінің мүшесі академик Мұхтар Илиев

КТК бақылаушылары кеңесінің мүшесі генерал Илнұр Мұсаев

КТК бақылаушылары кеңесінің мүшесі, баспагер Андрей Шухов

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны