10.10.2006, 17:26 3189

Ленин атындағы шахтада тағы бір кеншінің мәйіті табылды; комиссия көмір департаметнінің басшылығынан түсініктеме беруді талап етуде

Ленин атындағы шахтада тағы бір кеншінің мәйіті табылды; комиссия көмір департаметнінің басшылығынан түсініктеме беруді талап етуде

ҚАРАҒАНДЫ. 10-қазан. Kazakhstan Today. 20-қыркүйекте Ленин атындағы шахтада метан жарылысы кезінде мерт болған 41 кеншінің тағы біреуінің мәйіті табылды.

Құрамына кеншілер мен кәсіподақ ұйымының өкілдері қамтылған келісім комиссиясы көмір департаметнінің басшылығынан іздестіру-құтқару жұмыстарының барысы туралы түсініктеме беруді талап етуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Желдету және қауіпсіздік техникасы жөніндегі тау-кен мастері, 48 жастағы Андрей Маркустың мәйітін жұмысшылар жексенбіден дүйсенбіге қараған түні тауып алған",- деп Kazakhstan Today тілшісіне "Миттал Стил Теміртау" АҚ көмір департаментінің кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Виктор Зорин хабарлады. Оның айтуынша, кеншінің мәйіті апат болған секторда емес, жұмысшы қазба бөлімінен табылған. "Кеншінің денесі бүлінбеген. Жұмысшылардың жорамалына сәйкес Маркус дер кезінде көмек көрсетпеу салдарынан қаза тапқанға ұқсайды",- деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 5-қазанда Ленин атындағы шахтада жер асты жұмысшылары жөндеу жұмыстары кезінде 20-қыркүйекте метан жарылысы кезінде мерт болған 41 кеншінің екеуінің мәйітін тауып алды. 44 жастағы Александр Степляков пен 39 жастағы Еркін Қыдырбаевтың мәйіттері табылды.

Мәйіттерді жөндеушілер ауысымында істейтін жұмысшылар тауып алып, жер бетіне шығарып, туыстарына өткеріп берді. Кеншілердің айтуынша, "мәйіттер бүтін". Кеншілердің пайымдауынша, әріптестері есінен танып қалған жерінен дер кезінде тауып алмау салдарынан қаза тапқан болуы ықтимал.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 20-қыркүйекте Қарағанды облысында Ленин атындағы шахтада метан жарылысы салдарынан 41 кенші опат болды. Метан жарылысының қуаттылығы сонша, кейбір кеншілердің денесі бір шақырымдай жерге лақтырылған болатын. Қаза тапқандарды іздестіру жұмыстары 4 шақырымдық радиуста жүргізілген.

Жарылыстың себептерін анықтаған үкіметтік комиссия апат тау-кен жұмыстары мен еңбек қорғау тәртіптерін өрескел бұзу салдарынан болған деген тұжырымға келді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны