11.05.2007, 16:46 3058

Лисаковск мен Петропавлда екі жалған террорист құрықталды

АСТАНА. 11 - мамыр. Kazakhstan Today. Лисаковск (Қостанай облысы) мен Петропавлда (Солтүстік Қазақстан облысы) жарылғыш заттар орнатылғандығы туралы жалған ақпараттар берген жасөспірім мен әйел құрықталды, деп хабарлады Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Полицейлердің айтуынша, өткен бейсенбіде Лисаковск қаласындағы № 2 орта мектебінің қабылдау бөліміне белгісіз біреу мектеп ғимаратында жарылғыш заттың орнатылғандығы туралы хабар берген. Аталмыш жерге полицияның жедел-тергеу тобы, төтенше жағдайлар департаменті мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері келіп жеткен. Олар бір жарым сағат бойы жарылғыш затты іздеп, нәтижесінде ештеңе таба алмаған. Кешірек жалған хабар берген адам құрықталды. Ол осы мектептің жетінші сынып оқушысы болып шықты.

Осы күні Петропавлда полицейлер осы тектес қылмыс жасаған күдікті ретінде 54 жастағы тұрғынды құрықтаған. Ішкі істер министрлігінің ақпараттарына сүйенсек, әйел ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне қоңырау шалып, Погодин атындағы драма театрының ғимаратына бомба қойылғандығы туралы хабарлаған. Соның салдарынан ғимараттан 25 адам шығарылған. Бір жарым сағат тексеруден кейін жарылғыш зат табылмады. Күдікті әйелден қаладан шықпау туралы қолхат алынды, деп хабарлады полициядан.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны