23.07.2026, 16:25 94066
Мәскеуде Яссауи іліміне қатысы бар XVII ғасырдың сирек қолжазбасы табылды
Сурет: Gov.kz
Достарға айту
"Әзірет Сұлтан" ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығының ғалымдары Ресей мемлекеттік кітапханасынан Ясауи тариқатының тарихы мен рухани іліміне арналған, бұған дейін ғылыми ортада аса мәлім болмаған XVII ғасырдағы сирек қолжазбаны анықтады, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.
"Хужжат әз-Закирин ли-радд әл-Мункирин" ("Зікірді терістеушілерге қарсы зікір етушілердің дәлелі") атты еңбек Мәскеуге ұйымдастырылған ғылыми экспедиция барысында табылды. Бұхарада жазылған бұл туынды - Ясауи мектебінің тарихын танытатын маңызды жазба дереккөздердің бірі", - деп айтылған хабарламада.
Министрліктің мәлімдеуінше, қолжазбада сопылық ілім, жария зікір дәстүрі және рухани сабақтастық мәселелері сөз болады. Аталмыш еңбекте Қожа Ахмет Ясауиден, Хакім ата мен Зеңгі атадан бастау алатын және тариқаттың кейінгі өкілдеріне дейін жалғасқан рухани шежіре жөнінде құнды мәлімет қамтылған.
"Бүгінде мамандар қолжазбаның ғылыми сипаттамасын әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта оның мәтіні белгілі нұсқалармен салыстырылып, мәтінтанулық талдау жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері ғылыми айналымға енгізілмек",- деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
04.09.2026, 16:12 1081
Құрылтайдағы әйелдердің үлесі 34 пайызды құрады
Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің бірегей платформасы арқылы жаһандық аренада бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуде
Достарға айту
Бірінші шақырылымдағы Құрылтай құрамындағы әйелдердің үлесі 34 пайызға жетті. Бұл туралы "Бейбітшілік мәдениетін ілгерілететін әйелдер көшбасшылығы" тақырыбында өткен Бейбітшілік мәдениеті саласындағы іс-қимыл бағдарламасы жөніндегі жоғары деңгейдегі форум барысында Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі.
Сондай-ақ, ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1325 "Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік" қарарын жүзеге асыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған жаңа Ұлттық іс-қимыл жоспарының бекітілген мәлім етті.
Сонымен қатар ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қосқан маңызды үлесі ерекше аталып өтіліп, бұл бағытта 2018 жылдан бері 20 қазақстандық әскери қызметші әйел халықаралық миссиялардағы міндеттерін абыроймен атқарып келеді.
"2025 жылғы форумның қорытындысы бойынша қабылданған Астана бейбітшілік декларациясы БҰҰ күн тәртібіндегі өркениетаралық диалог пен қоғамдық келсімді нығайтудың маңызды құралы болып табылатыны атап көрсетілді", - деп толықтырды баспасөз қызметінен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.09.2026, 13:32 1911
Шақырымдарға созылған кептелістер: алматылықтар қала жолдарындағы ахуалға наразылық танытуда
Достарға айту
Қала тұрғындары күндіз қала қозғалысын тұралатып тастаған жол кептелістеріне шағымдануда, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Қаланың орталығында көлік кептелісі күшейіп, Төле би, Тимирязев көшелерін, Абай және Әл-Фараби даңғылдарын, сондай-ақ Сейфуллин - Сәтбаев және Мұқанов - Шевченко көшелерінің қиылыстарын қамтыды.
Әлеуметтік желі қолданушыларының жазуынша, Құлжа тасжолында Алматыға қарай бірнеше шақырымға созылған кептеліс те пайда болған.
Кептелісте тұрған тұрғындар жолдағы жағдайға наразылық білдіріп, видео түсіруде.
Қыркүйекте мектептерде оқу басталып, студенттер қалаға оралған кезде көлік қозғалысының қиындауы үйреншікті жағдайға айналғанына қарамастан, тұрғындар бұған көбіне дайын болмай шығады. Ал, қала билігі тарапынан алдын ала берілетін ақпарат көп жағдайда жеткіліксіз болады.
Биыл жол жөндеу мен көшелерді қайта жаңғырту жұмыстары жағдайды одан әрі қиындата түскен.
Қыркүйек айында билік қала тұрғындарына мүмкіндігінше жеке көлікпен жүруден бас тартып, қашықтан жұмыс істеуге көшуді ұсынды. Алайда бұл шара кептеліс мәселесін шеше алмады. Сонымен қатар қала тұрғындары жаппай метроға ауысып, станцияларда да ұзын-сонар кезек пайда болды.
Алматыда көлік кептелісі мәселесі ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр.
Polisia.kz-тің өткен жылғы мәліметі бойынша, күн сайын мегаполис көшелеріне басқа өңірлерден келетін көліктерді қоса алғанда, 1,5 миллионнан астам көлік шығады. Сондай-ақ, Алматыға облыстан күн сайын көптеген көлік кіреді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.09.2026, 12:48 3091
Алматыда Көкжайлауды қорғауға арналған мурал пайда болды
Сурет: 180prod.kz/Instagram
Достарға айту
Алматыда көше суретшілері Almaty Super Ski тау шаңғысы курортының құрылысы басталғаны туралы ақпарат тараған тұста Көкжайлау шатқалын қорғауға арналған мурал салды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
180prod.kz граффити-продакшнының туындысы Мұстафин көшесінде пайда болды. Авторлар оны шатқалды сақтауға арнаған.
"Кейде прогресс - біздің не сала алатынымыз емес, нені сақтап қала алатынымыз", - деп атап өтті авторлар Instagram-дағы жарияланымында.
Естеріңізге сала кетсек, маусым айында Көкжайлау шатқалына апаратын бағыт бойындағы ағаштарға таңба салынғаны туралы ақпарат қоғамда резонанс тудырып, тұрғындар таңбаланған ағаштардың көпшілігі жас ағаш екендігін және де оларда қураған белгілері жоқ екенін айтқан болатын.
Кейінірек "Іле-Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Көкжайлаудағы болашақ туристік курортқа апаратын ұзындығы 6,02 шақырым автомобиль жолын салу үшін 2627 ағашты кесу жоспарланып отырғанын растады.
Шілде айында Көкжайлау аумағында құрылыс жұмыстары басталған болатын. Жобаны жүзеге асырып жатқан Kazakh Tourism Development компаниясының хабарлауынша, қазіргі уақытта техникалық және кірме жолдар салынып жатыр. Сонымен қатар, археологиялық зерттеу жұмыстары да басталған болатын.
Сонымен қатар, кеңейтілген инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Компанияның мәлімдеуінше, 11 аспалы жол салу жоспарланған. Жұмыстарға Францияның POMA компаниясы тартылған. Онымен жүйені жобалау, дайындау, монтаждау және пайдалануға беру туралы келісімдерге қол қойылды.
Сонымен қатар, Алматы әкімдігі Көкжайлаудағы қосалқы станцияны қалпына келтіру және Қазачка өзенінің бойымен демалыс аймағының шекарасына дейін кірме жол салу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұл ретте Көкжайлауда тау курортын салу жоспары қоғамда кең резонанс тудыруын жалғастыруда. Экологтер мен қоғам белсенділері жобаны іске асыруға қарсы шығып, құрылыс орны толмас экологиялық зардаптарға әкелуі мүмкін екенін мәлімдеуде. Олардың бағалауынша, құрылыс тау экожүйелерінің тозуын жеделдетіп, шатқал аумағындағы температураны жоғарылатуы, мұздықтардың жағдайына кері әсер етуі, сондай-ақ жануарлардың мекендеу орындарының жойылуына және орман алқабының бір бөлігінің кесілуіне әкелуі ықтимал.
Әлеуметтік желілерде алматылықтар шатқалды және жаяу туризммен айналысу мүмкіндігін сақтап қалуға шақырып, тауларда құрылыс жүргізуді одан әрі жалғастыруға қарсы шығып жатыр. Олардың пікірінше, Көкжайлауда ең алдымен экологиялық туризмді дамытып, табиғи аумақты болашақ ұрпақ үшін сақтау қажет.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.09.2026, 18:15 15201
6 қыркүйекте Алматыда GT SPORT FEST спорт фестивалі өтеді
Төле би көшесінің Назарбаев даңғылынан Абылай хан көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі
Достарға айту
Алматыда 6 қыркүйекте Қала күніне орай өтетін GT SPORT FEST спорт фестиваліне байланысты Төле би көшесінде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Сағат 00:00-ден 23:00-ге дейін Төле би көшесі Назарбаев даңғылынан Абылай хан көшесіне дейін көлік қозғалысы толығымен жабылады.
Шектеулер фестиваль қатысушылары мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі. Жүргізушілерден бағыттарын алдын ала жоспарлап, қозғалыс сызбасындағы өзгерістерді ескерулерін сұрайды.
GT SPORT FEST фестиваліне мыңға жуық әуесқой және кәсіби спортшы қатысады деп күтілуде. Бағдарламада 3×3 стритбол, киберспорт, брейкинг, BMX және автошоу сияқты іс-шаралар қарастырылған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.09.2026, 11:31 17586
Қараманас ауылының мектебіне Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді
Достарға айту
Ташкент облысы Бостандық ауданының Қараманас ауылындағы №34 жалпы орта білім беретін мектепке көрнекті қазақ жазушысы, драматург, аудармашы, Ұлы Отан соғысының ардагері және қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен екі елдің жазушыларының "Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет - дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы" форумы аясында және де жаңа оқу жылының басталуына орай ұйымдатырылды.
Форум екі елдің әдебиет және мәдениет өкілдерінің басын қосып, қазақ-өзбек мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға, ортақ рухани мұраны сақтауға және шығармашылық диалогты кеңейтуге бағытталған тағы бір маңызды алаңға айналды.
"Мектеп 1913 жылы жазушы дүниеге келген Қараманас ауылында орналасқан. Білім ордасына оның есімінің берілуі ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтауға деген құрметтің және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достықты нығайтудың жарқын көрінісі болды",- деп айиылған хабарламада.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі М.Отарбаев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Х.Султонов, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшісі Е.Тоғжанов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор А.Райымқұлова, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, Қазақстан мен Өзбекстан Жазушылар одақтарының өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, мәдениет және әдебиет қайраткерлері қатысты.
Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжанов құттықтау сөзінде бұл оқиғаның жай ғана мектептің ашылуы емес, қазақ пен өзбек халықтарының сан ғасырлық ортақ тарихының, мәдениеті мен рухани жақындығының жемісі екенін атап өтті.
Мерекелік іс-шара дәстүрлі алғашқы қоңырау рәсімінен басталып, "Рахметолла Райымқұлов: ұрпақтарды біріктіретін мұра" тақырыбындағы ашық сабақпен жалғасты.
Сондай-ақ, жаңартылған мектеп кітапханасы мен Р.Райымқұловтың мемориалдық бұрышы ашылып, кітапхана қоры қазақ және өзбек әдебиетінің жаңа басылымдарымен толықты. Екі елдің Жазушылары одақтарының өкілдері тарихи жадыны сақтауда және гуманитарлық байланыстарды дамытуда әдебиеттің ерекше рөлін атап өтті.
Алғашқы қоңырау жаңа кезеңнің символына айналды: жазушының есімі туған жеріне қайта оралып, жаңа ұрпақтың жадында және білімінде мәңгі сақталмақ.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.09.2026, 10:16 16346
Қазақстанда алғаш рет Тазы күні аталып өтуде
Сурет: qr-pib.kz
Достарға айту
Бүгін, 3 қыркүйек Қазақстанда алғаш рет қазақтың тазысы мен төбетіне арналған күн аталып өтілуде, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
"Тазы ұлттық ит тұқымы ретінде халқымыздың мәдени мұрасы мен дәстүрлі тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі саналады. Ол адалдықты, ептілік пен күшті бейнелейтін "Жеті қазынаның" қатарына кіреді", - деп мәлім етті президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
Ғасырлар бойы тазы мен төбет Ұлы далада адамзаттың сенімді серігі болған. Тазыны аңшылыққа пайдаланса, төбетті мал мен мүлікті қорғауға пайдаланған.
Соңғы жылдары Қазақстанда ұлттық ит тұқымдарын сақтау және дамыту жұмыстары қолға алынған. Оларды сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша заң қабылданып, Қазақстан Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) толыққанды мүшесі болды.
2024 жылы тазы тұқымы алдын ала халықаралық деңгейде танылып, Қазақстан ресми түрде осы ит тұқымының шыққан елі ретінде бекітілді.
Қазір қазақстандық тазылар ірі халықаралық көрмелерге қатысып жүр, асыл тұқымды иттер базасы кеңейіп, өсірушілер саны артып келеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстан кинологтар одағының бірыңғай асыл тұқым кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Олардың нақты саны бұдан да көп, өйткені ауылдар мен шалғай аудандардағы иттердің бір бөлігі әзірге орталықтандырылған есепке алынбаған.
Мамандар өңірлерде асыл тұқымды иттерді тексеруді жалғастырып, олардың шығу тегі туралы мәліметтер жинап, есепке алуды жалғастыруда. Бұл тазының тұқымдық белгілері мен генетикалық әртүрлілігін сақтау қажеттілігінен туындап отыр.
Қазақ тазысы шетелде де белсенді таныстырылып келеді. 2025 жылы бұл тұқым Хельсинкиде өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде ресми түрде таныстырылса, 2026 жылғы маусымда Болоньяда өткен World Dog Show көрмесінде Қазақстанның 12 тазысы таныстырылды.
Жетісу облысында Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы салынып жатыр. Орталықта таза тұқымды иттерді асырау және өсіру, бірыңғай шежіре кітабын жүргізу, кинология саласындағы мамандарды даярлау, сондай-ақ көрмелер, байқаулар, сынақтар мен жарыстар өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар, 2026 жылдың ақпан айында Үкімет қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі 2026-2036 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіткен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.09.2026, 17:35 24176
Қазақстандықтар eGov-та ауруханаға түскені туралы хабарланатын жақындарын көрсете алады
Сенімді үш тұлғаға дейін көрсетуге болады
Достарға айту
eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасының пайдаланушылары енді ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлама жіберу үшін үш сенімді байланыс тұлғаларын көрсету мүмкіндігі пайда болды, деп хабарлайды "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.
Сервис төтенше жағдайларда мысалы, пайдаланушы жол-көлік оқиғасына ұшыраса, өзін кенеттен жайсыз сезінсе немесе басқа да себептермен ауруханаға жатқызылып, жақындарымен өздігінен байланыса алмаған жағдайда, ол алдын ала көрсеткен сенімді байланыс тұлғаларына тиісті хабарлама жіберіледі. Бұл жақындарына адамның ауруханаға жатқызылғанын жедел білуге және дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Үш сенімді байланыс тұлғасына дейін көрсетуге болады. Олар кәмелетке толған және Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс.
Сервисті eGov.kz порталында қосу үшін "Ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенімді байланыстарды тіркеу" қызметін таңдап, сенімді тұлғаның ЖСН-ін көрсету, дербес деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісім беру, содан кейін сұрау салуды жіберу қажет.
Сенімді тұлғаға SMS-хабарлама келеді. Келісім беру үшін 911, бас тарту үшін 912 кодын жіберу қажет. Жауап бес сағат ішінде берілуі тиіс. Келісім алынғаннан кейін пайдаланушы сұрау салуға қол қояды, ал мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі.
eGov Mobile қосымшасында қызмет "Мемлекеттік қызметтер" - "Денсаулық сақтау" бөлімінде қолжетімді.
Сервис тегін. Өтінішті өңдеу 10 минутқа дейін созылады. Тіркеуден кейін таңдалған адам пайдаланушы ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлама алып отырады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.09.2026, 16:49 24961
Қазақстандық әйел алғаш рет Балқашта 21 шақырымды жүзіп өтті
Сурет: Маңғыстау облысының ҚКО
Достарға айту
Маңғыстаулық заңгер Жаннат Қатарбаева Балқаш көлінде 21 шақырымды жүзіп өткен алғашқы қазақ әйелі атанды, деп хабарлайды Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығы.
Қатарбаева ашық суда жүзуден Ultra Oceanman халықаралық жарысына қатысқан. 2026 жылы бұл жарыс Балқашта алғаш рет ультра ұзақ қашықтықта өткізілді.
Жаннат Қатарбаева Жаңаөзенде дүниеге келген. Қазір Астанада тұрады және заңгер болып жұмыс істейді.
Ол алты жылдан бері жаттықтырушы Дмитрий Деревянконың жетекшілігімен жүзумен айналысады. Қазақстанда өткен жарыстарда 8 және 10 шақырымдық қашықтықтарды бағындырып, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ спортшы Италиядағы Орта көлінде ашық суда 14 шақырымды жүзіп өткен.
Қатарбаеваның айтуынша, оның жетістігі әйелдердің жасына қарамастан спортпен айналысып, алдына жаңа мақсаттар қоя алатынын көрсетеді. Ол өз үлгісі арқылы әйелдерді белсенді өмір салтын ұстануға және өз күшіне сенуге ынталандырғысы келеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
INTERNET TELEVISION
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
04.09.2026, 10:08Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды 04.09.2026, 09:09 8431Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі қызметінен босатылды04.09.2026, 12:10 3601Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін төмендетті04.09.2026, 12:48 3216Алматыда Көкжайлауды қорғауға арналған мурал пайда болды04.09.2026, 14:05 3041Тоқаев Қазақстан мәдениетін шетелде насихаттаудың маңыздылығын атап өтті
28.08.2026, 14:14 54101Тоқаев балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салуды қолдады28.08.2026, 16:43 53916ҚР Еңбек кодексіндегі киберқауіпсіздік: жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің жаңа міндеттері28.08.2026, 15:03 53051Айбек Дадебай Құрылтай төрағасы болып сайланды28.08.2026, 15:27 53001Құрылтайда үш вице-спикер және сегіз комитеттің төрағалары сайланды28.08.2026, 14:20 52606Құрылтай депутаттары ант беруді бастады
05.08.2026, 19:17 84841ҚР Ұлттық экономика министрлігі аппаратының басшысы тағайындалды06.08.2026, 15:56 74136Қазақстанда шетелдік танымал тұлғалар бейнеленген саяси үдерістерге қатысты фейктердің жаңа толқыны анықталды06.08.2026, 13:30 7390616 тамыздан бастап ҮАААЖ-мен жүру құны екі есе қымбаттайды06.08.2026, 16:21 73601Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты06.08.2026, 17:55 71731СҚО ауылдарын сумен қамтуға қайтарылған активтер есебінен 2,7 млрд теңге бөлді

