27.04.2007, 16:41 3426

Мәдениет министрінің мемлекеттік органдардың азаматтық қоғамдарды дамыту концепциясын жүзеге асыруға қатысты жұмыстарына көңілі толмайды

АСТАНА. 27 - сәуір. Kazakhstan Today. Мәдениет және ақпарат министрінің жекелеген мемлекеттік органдардың азаматтық қоғамдарды дамыту концепциясын жүзеге асыруға қатысты жұмыстарына көңілі толмайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Мамыр айында болатын елбасымен кездесуімізде біздің жұмыс істеп отырғанымызды, бірақ президенттің екінші азаматтық форумда берген нақты тапсырмаларын елемей отырған жекелеген мемлекеттік органдардың бар екендігін ашып айтамын",- деді министр бүгін үкіметтік емес ұйымдармен өзара ықпалдастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында. "Екінші азаматтық форумда мемлекет басшысы министрліктер мен ведмостваларға үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық жасап қана қоймай, оларға қаржылай да, ұйымдастыру тұрғысынан да көмектесуге тапсырма берген",- деп атап көрсетті Е. Ертісбаев.

Атап айтқанда, министр іс-шара бағдарламасында олардың қатысулары туралы мәлім етілген кеңес отырысында министрлік өкілдерінің болмауына реніш танытты. "Бүгін индустрия және сауда вице-министрі, ауылшарушылық вице-министрі, әділет, қоршаған ортаны қорғау вице-министрлері мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің өкілдері жоқ. Премьер-министрдің атына аталған министрліктердің мемлекет басшысының тапсырмаларын елемегендіктері туралы хат дайындалатын болады",- деп атап өтті мәдениет министрі.

"Бізге үйлестіру кеңесінің дәрежесін түсіруге болмайды. Барлық министрлік міндетті түрде жұмыс істеуге тиіс",- деп атап көрсетті министр. "Жұмысқа деген белсенділікті арттырып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының сыртқы істер министрлерінің Мадридтегі отырысына дейін үшінші азаматтық форумды өткізу керек",- деп қосты ол.

"ТМД мен ЕО елдерінің барлығы дерлік Қазақстанның бастамасын қолдап отыр, бірақ көп нәрсе үкіметтік емес ұйымдардың алдағы жарты жылдықтағы іс-қызметінің белсенділік танытуына байланысты болады",- деді министр. "Үкіметтік емес ұйымдардың іс-қызметі - бұл Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуы мен даму процессінің іргетасы, ал мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес органдардың өзара ықпалдастығы - еліміздің саяси жаңаруының маңызды құрамы және де Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастыққа кіруі мен Қазақстанның Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына төрағалық етуіне қойылатын басты шарт",- деп атап өтті Е. Ертісбаев. Сонымен қатар, министр мемлекеттің "тек бәсекелес, нақты жұмыс жүргізген үкіметтік емес ұйымдарды ғана қолдайтындығын" айтып өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны