25.03.2007, 15:23 3866

Маловодное ауылында болған қақтығыс құрбандарының саны 5-ке жетті; жаңжалдың шығуына себепкер болған бір адамға іздеу жарияланды

АЛМАТЫ. 25-наурыз. Kazakhstan Today. Алматы облысының Маловодное ауылында болған қақтығыс құрбандарының саны 5-ке жетті; жаппай төбелес шығуына себепкер болған бір адамға халықаралық іздеу жарияланды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР ІІМ-нің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов хабарлады.

"Махмахановтар отбасынан жаппай төбелеске қатысқан екі адам ауруханада қайтыс болды",- деді Б.Қожахметов.

Тахир Махмахановқа халықаралық іздеу жарияланды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. "Прокурордың санкциясымен оған қасақана кісі өлтіруге әрекет жасау жөнінде айып тағылуда. Қазір ол қашып жүр. Сол себепті оған халықаралық іздеу жарияланды",- деді баспасөз хатшысы.

Бүгінгі жағдаймен төтенше оқиғаның ізімен төрт қылмыстық іс қозғалған.

Б.Қожахметовтың айтуынша, Махмахановтар отбасы Қазатком ауылынан көшірілді. "Олардың мүлкі қорғауға алынды",- деді ол.

"Жалпы алғанда Маловодное және Қазатком ауылдарында жағдай бірқалыпты. Ол жерде "Шұғыл әрекет етуші арнаулы топ" (СОБР) пен "Бүркіт" арнаулы тобы, Алматы мен Алматы облысынан ауылдарда тәртіп сақтау үшін жіберілген құрам орналасқан",- деді министрліктің баспасөз хатшысы.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 17-наурыз күні кешке жергілікті екі тұрғынның арасында төбелес шыққан. Жаңжалдасушылардың бірі өз қарсыласын "Оса" пневматикалық тапаншасымен атып жіберген. Келесі күні жәбірленушінің туыстары мен достарынан жиналған 50 шақты адам жағдайдың басын ашу үшін ауылға келген. Қақтығысқа қатысушылар арасында атыс болған. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, алдында пневматикалық қару қолданған жігіттің туыстары оқ ата бастаған. Екінші жақ тас пен металл арматуралармен қаруланған. Оқиғаның салдарынан, алдын-ала мәлімет бойынша, тоғыз адам жараланып, үшеуі қаза тапқан. Сонымен бірге тәртіпсіздіктер кезінде оқ атушылардың үйі мен автокөлігін өртеп жіберген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны