03.05.2006, 18:57 3322

Маңғыстау облысындағы Қаламқас кенішіне таяу жерде бекіре тұқымдас 968 балық пен 75 итбалықтың өлімтіктері табылды

АҚТАУ. 3-мамыр. Kazakhstan Today. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің қызметкерлері Маңғыстау облысындағы Қаламқас кенішіне таяу жерде бекіре тұқымдас 968 балық пен 75 итбалықтың өлімтіктерін тауып алды. Бұл туралы ҚР төтенше жағдайлар министрлігі облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы Қажымұрат Хайрушев журналистерді құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Оның айтуынша, 29-сәуірден бастап Маңғыстау облыстық балық қорғау қызметінен Қаламқас кенішіндегі бөгетте бекіре тұқымдас балықтардың өлімтігі жинақталып қалғаны туралы ақпарат келіп түсе бастаған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шықты. Кешегі жағдаймен бекіре тұқымдас 786 балық пен 72 итбалықтың өлімтіктері табылды.

Департамент төрағасының айтуынша, жағдайды бағалау нәтижесінде мынадай деректерді алға тартуға болады: біріншіден, Қаламқас кенішінде және Қаламқастан Қаражанбасқа дейін өлген балықтар мен итбалықтар табылған жоқ. Демек, өлімтіктер бір жерден таралып жатыр деген сөз. Екіншіден, өлген балықтардың бәрі бекіре тұқымдас балықтар, басқа түрлер кездеспейді. Үшіншіден, өлімтіктердің бұзылып кеткені соншалық, оларды қолға ұстауға келмей, бірден өтелуде. Төртіншіден, әдетте браконьерлер жанар-жағармай сақтайтын пластмассадан жасалған бөшкелер табылды.

Қ.Хайрушевтің айтуынша, балықтар мен итбалықтар браконьерлердің ауына түсіп қалған болуы ықтимал. "Шекарашылардың көзіне түскен табиғат қаскөйлері жағалаудан алыс жерде балықтарды суға тастап жіберген-ау деген жорамал айтуға болады. Сол себепті балықтар жағалауға жеткенше әбден бұзылып кеткен. Егер балықтар улап өлген болса, олардың өлімтіктері мүлдем басқаша жағдайда болар еді",- деді департамент төрағасы.

Қ.Хайрушевтің айтуынша, балықтардың өлімтіктері 29-сәуірде зерттеуге жіберілген. Изірге нәтижесі белгісіз. Ал бүгін итбалықтың өлімтігі зерттеуге жіберіледі.

"Зерттеулер "Республикалық мал дәрігерлік зертханасы" РМК-ның Маңғыстау облыстық мал дәрігерлік-санитарлық сараптамалық бөлімінде жүргізіледі",- деді ол. Қазір кеніште төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттердің, ауылшаруашылығы министрлігінің, балық қорғау қызметінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Кеше "Аджип ККО" компаниясымен байланысқа шығып, олар тікұшақ берді. Облыстық экологиялық ұйымдар, ауылшаруашылығы министрлігі мен төтенше жағдайлар департаментінң өкілдері теңіз акваториясына зерттеу жүргізуде.

"Біз қазір зиянды қалдықтарға қатысты ахуалмен танысу үшін Атырау облысымен байланысқа шығып отырмыз. Ақтау теңіз айлағына хабарлама бердік. Олар барлық кемелерге радиограммалар жолдап, өлі балықтар мен итбалықтар жиналған жерлердің бар-жоқтығын анықтауға тиіс. Изірге ақпарат келіп түскен жоқ",- деді Қ.Хайрушев.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР ҰҚК шекара қызметінің "Батыс" аймақтық басқармасының қызметкерлері тікұшақпен жүргізілген тексеру нәтижесінде жағалауға ағып шыққан бекіре тұқымдас балықтар мен итбалықтардың өлімтіктерін тауып алған.

Осы орайда естеріңізге сала кетсек, 2000-жылы Маңғыстау облысының жағалауын бойлай 12 056 итбалықтың өлімтігі табылған. Ол кезде ресми түрде хабарланғанындай, итбалықтар ит обасының кесірінен қырылды делінген-тұғын.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны