29.03.2010, 13:15 2667

Мәскеу метросының екі станциясындағы жарылғыш құрылғылардың қуаты тротил эквивалентімен 3 килограмм болған

Мәскеу метросының екі станциясындағы жарылғыш құрылғылардың қуаты тротил эквивалентімен 3 килограмм болған

Алматы. 29 наурыз. Kazakhstan Today - Мәскеу метросының "Лубянка" және "Парк культуры" станцияларындағы жарылғыш құрылғылардың қуаты тротил эквивалентімен 3 килограмм болған, деп хабарлайды Kazakhstan Today "РосБизнесКонсалтинг" агенттігіне сілтеме жасап.

Мәскеу прокуроры Юрий Семиннің хабарлауынша, тергеу "Лубянка" және "Парк культуры" станцияларындағы жарылғыш құрылғыларды жанкешті лаңкестер іске қосты дегенді жоққа шығармайды.

РФ ТЖМ ақпарат басқармасының мәліметінше, ""Лубянка" станциясында 22 адам қаза тапты, 11 адам зардап шекті. Ал "Парк культуры" станциясында 12 адам қаза тауып, 15 адам жараланған.

ИТАР-ТАСС мәліметінше, қазір оқиға орнында ТЖМ қызметкерлері жұмыс істеуде. "Жалпы алғанда ТЖМ-нің 207 адамы мен 95 техникасы жұмылдырылған", - деп хабарлайды мекеме.

ТЖМ өкілінің хабарлауынша, жарылғыш зат "Лубянка"станциясында пойыздың екінші вагонында іске қосылған. Оның соңы өртке ұласқан жоқ.

"Лубянка" станциясындағы жарылыс себептерін тексеру үшін құқық қорғау және басқа да органдардың қатысуымен штаб құрылды.

Мамандар станцияларда болған жарылысты түсіріп алған болуы мүмкін деген жорамаламен метроның бейнекамераларындағы жазбаларды тексеріп жатыр.

"Лубянка" және "Парк культуры" станцияларында болған жарылыс дерегі бойынша РФ Қылмыстық кодексінің 205-ші бабы - "Терроризм" бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады РФ прокуратурасының жанындағы тергеу комитетінің өкілі Владимир Маркин. "Екі жағдайда да жарылғыш құрылғының түрі мен қуаты анықталу үстінде", - деді ол.

Жарылғыш құрылғыларды жанкешті лаңкестер іске қосуы мүмкін бе деген сауалға В. Маркин "қазір оларды кім және қандай жағдайда іске қосқандығы анықталып жатыр" деп жауап берді.

"Болған оқиғаға байланысты метро станциялары мен халық көп жиналатын жерлердегі бақылау күшейтілді. Сондай-ақ, қала көшелеріндегі милиция патрульдерінің саны мен тығыздығы арттырылды", - деді Мәскеу ІІББ-ның ақпарат және жұртшылықпен байланыс басқармасының бастығы Виктор Бирюков.

Сондай-ақ, оның айтуынша, ішкі істер органдарының жетеуші құрамы да арнаулы жұмыс кестесіне сәйкес күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді.

РФ Федералдық қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Александр Бортников РФ президенті Дмитрий Медведевке болған оқиға жайлы баяндады. РФ Бас прокуроры Юрий Чайка метро станцияларындағы жарылыс деректері бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысын тікелей өз бақылауына алды.

Зардап шеккендердің туыстары Мәскеудегі 622-14-30 және 624-34-40 телефондарына хабарласа алады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны