27.02.2007, 14:43 7043

Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы "Діни сенім-наным еркіндігі және діни бірлестіктер туралы" заңды түзету қажет деп санайды

АСТАНА. 27-ақпан. Kazakhstan Today. Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы "Діни сенім-наным еркіндігі және діни бірлестіктер туралы" заңды түзету қажет деп санайды. Бұл туралы депутат бүгін "Діни сенім-наным еркіндігі және діни бірлестіктер туралы заңнаманы жетілдіру проблемалары" атты республикалық бас қосу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бұл заң 1992-жылы қабылданған, ал жобасы тіпті 90-91-ші жылдары, КСРО тұсында жасалған. Сол себепті оның көптеген нормалары ескіріп, қазіргі заман талабына сай болмай қалды",- деді А.Айталы. Осыған байланысты депутат "тарихи даму логикасына сәйкес заңды тұжырымдамалық тұрғыда қайта екшеу қажет деп санайды".

Атап айтсақ, мәжіліс депутаты Қазақстандағы діни бірлестіктерді тіркеуге қатысты нормаларды қатайтуды ұсынады. "Еуропаның заңдарын алып қарайық: Германияда қандайбір діни ұйымды ресми тіркеу үшін осы неміс жерінде дәл осы дінге табынатындар саны халық санының 1 процентінен кем түспеуі тиіс. Ал Қазақстанға тіпті не іссапармен, немесе туристік сапармен келсең де кез-келген сектаны тіркеуге болады",- деді депутат. А.Айталының пайымдауынша, "бұл төзімділікті мүлдем білдірмейді, бұл - осы жер мен осындағы халықты сыйламаушылық, сол себепті заңның жаңа жобасын жасау барысында біз төзімділік деп қате түсінетін осы мәселе міндетті түрде ескерілуге тиіс".

Бұған қоса мәжіліс депутаты дәстүрлі діндердің молда-сопыларына мемлекеттен жалақы төлеу мүмкіндігі бар деп санайды. Бұған мысал ретінде ол Еуропа елдеріндегі тәжірибені атады. Онда мемлекет дәстүрлі дінге қызмет ететіндерге қаржылай қолдау көрсетеді. "Қазір біздің діндер тепе-тең жағдайда емес: атап айтсақ, мұсылман және православиелік діндерді тек КСРО дәуірінде қуғынға ұшырағаны үшін ғана мемлекет тарапынан қолдауға тұрады. Ал дәстүрлі емес діндердің дінтаратушыларын Батыс қаржыландырады, сол себепті де олар тепе-тең жағдайда болмай отыр",- деді ол. "Сондықтан діни ұйымдарға түрліше қарау керек. Егер Еропадағы зайырлы елдер дін қызметкерлеріне жалақы төлейтін болса, онда біз неге мұсылман және православиелік діндерді қолдай алмаймыз?",- деп мәлімдеді А.Аталы.

Мәжіліс депутаты сонымен бірге "діни ұйымдарға жіберілетін қаржыға бақылау қою" мүмкіндігін заңмен бекіту қажет деп пайымдайды. "Халықтың көбі кедей тұрады. Кейбір діни ұйымдар сол себепті де басқа конфессиялардың өкілдерін олардың кедейлігі мен тәжірибесіздігін пайдаланып сатып алады",- деді А.Айталы. Ол заңға "адамның күрделі психологиялық немесе қаржылық ахуалын пайдаланып конфессияға тартуға" талпынатын діни ұйымдар мен дін қайраткерлерін қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған нормалар енгізу мүмкіндігін де жоққа шығармады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны