09.10.2008, 18:45 3232

Мәжіліс депутаты Елорда маңындағы көне ескерткіштердің этнографиялық кешенін салу және Астанада археология институтын ашу жөніндегі ғалымдар ұсынысына қолдау білдірді

Мәжіліс депутаты Елорда маңындағы көне ескерткіштердің этнографиялық кешенін салу және Астанада археология институтын ашу жөніндегі ғалымдар ұсынысына қолдау білдірді

Астана. 9 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл Елорда маңындағы көне ескерткіштердің этнографиялық кешенін салу және Астанада археология институтын ашу жөніндегі ғалымдар ұсынысына қолдау білдірді. Ол осы жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттың хатында былай делінген: "Астана қаласы қоныс тепкен Есіл мен Нұра атырабы тарихи-археологиялық ескерткіштерге бай. Солардың бірі қазақ даласындағы көне қалалардың ішінде сызба жобасы сақталған жалғыз мұра - Бытығай кесенесі. Оны ХІХ ғасырда "Оренбург шекара комиссиясы" біршама зерттеген. Саяхатшы-тарихшылар Рычков, Татищев, Шангин осы Бытығай жөнінде көптеген құнды деректер қалдырды. Шоқан Уәлихановтың назарына ілікті. Академик Илкей Марғұланның кезінде бірді-екілі экспедиция ұйымдастырылды.

Содан бергі жарты ғасырдан астам уақыттың ішінде Елордадан қол созым жердегі осы ежелгі қалаға ешкім ат ізін салған жоқ. Тек өткен 2007 жылы ғана Алматыдағы Мәдениет саясаты және өнертану ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Марат Сенбі мен Жалеледин Шәйкен қайта зерттеуге кіріскен. Олар жалпы көлемі 24х17 метр күмбезді кесененің іргесін аршып, ерекше технологиямен жұмыс істеген шеберхананы тапты, қаланың архитекторлық келбеті ерекше екенін анықтады.

Алайда, осылай сәтті басталған ғылыми жұмыс алдағы уақытта жалғасын таппайтын түрі бар. Археолог ғалымдарға "Казреставрация" мекемесі берген қаржы сарқылған. Ал қазылып ашылған жерлерді концервацияламаса, қайтадан шаң-топыраққа көміледі, өткен-кеткен ел аздырып-тоздырады. Сондықтан "Бытығай" қаласының тарихи маңызын ескере отырып, оған мемлекеттік мән беруіміз керек. "Мәдени мұра" бағдарламасына енгізіп, археологиялық ғылыми-қазба жұмыстарын бюджеттен тұрақты қаржыландыру қажет.

Кезінде академик Кемал Ақышев "Бозоқ" қаласын зерттегенде Елбасының Астана өңірін тарихи зерделеу қажет деген тапсырмасын негізге алған еді. Ал бұл өңірдің, Астана маңының тарихы әрі көне, әрі бай. Осы аймақтан Жібек жолының бірнеше тармағы өткен. Керуендер Астана - Жақсыкөң арқылы Ұлытауға, Ақмола - Колутон арқылы Абылай ордасына, Қараөткел арқылы Жарқайыңға беттеген. Атақты "Хан жолы" да Есілді қуып отырған. Сол жолдардың бойында сән түзеген байырғы Ақсекент, Бозоқ, Бытығай, Ақзират қалалары ірі әкімшілік және мәдениет орталықтары болды. Оған Астананың Қорғалжын жағындағы "Ор" мен "Мортық" қалаларын, Сілеті маңындағы "Аққайрақ" қамал-қорғанын қоссақ, көне дала өркениетінің қалың да жарқын тарихы осы жерде, Елорда түбінде екеніне айқын көз жеткіземіз.

Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің бір топ ғалымдары, атап айтқанда, "Қазақстан тарихы және әлем тарихы", "Археология" кафедраларының ғалымдары Елорда өңіріндегі антротопонимдік, топонимдік және мәдени мұраларды дәйектеудің ғылыми жобасын жасап, сол бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Үстіміздегі жылы Кемал Ақышев атындағы ғылыми-зерттеу институты негізінде далалық экспедиция ұйымдастырды.

Ғалымдар осы бағыттағы жұмысты тұрақты және жүйелі жүргізу мақсатымен Астанада археология институтын ашу қажет деп есептейді. Аталған институт Елордаға ғана емес, Орталық және Солтүстік облыстарға тұтас қызмет етер еді. Егер шетелдің тәжірибесіне сүйенсек, бұл өте орынды идея. Батыста әр өңірде осындай ғылым ошақтары құрылған. Бұл елдің тарихи ескерткіштерін шашау шығармай дер кезінде зерттеуге мүмкіндік туғызады.

Ахеолог ғалымдардың Елорда маңындағы көне ескерткіштердің этнографиялық кешенін салу жөніндегі бастамасын да құнды деп есептейміз. Мұндай ой бұдан бұрынырақта Бозоқ қалашығына байланысты да көтерілген еді. Кезінде тиісті басқару органдарының тарапынан мақұлданды да, соңынан аяқсыз қалды.

"Бытығай, Бозоқ, Ор секілді бір-біріне жалғасқан көне археологиялық ескерткіштерді туристер көретін деңгейге келтіріп, ашық аспан астындағы мұражайға айналдырсақ, тарих та , Астана да , ел де риза болмай ма?! Аталған шаралар Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің, сонымен қатар Астана қаласының жұмыс жоспарына енгізілсе деген ұсынысымыз бар",- деді А.Смайыл өз сауалында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны